Жетісу алаяқтардан қашан арылады?

24 Ақпан 2024, 21:08
430
Бөлісу:
Жетісу алаяқтардан қашан арылады?
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

«Өткен айда өңірде 40-қа жуық интернет-алаяқтық оқиғасы орын алған. Облыста ондаған адам 30 миллионға тарта қаржысынан айрылыпты. Тұрғындарға құзырлы органдар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, айлакерлер айласын асырып кетіп жатыр», деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Полицияның дабыл қақпастан басқа амалы қалмады

Бұл істе құқық қорғау органдарының құзіреттілігінен гөрі, жеке адамның жауапкершілігі жатқандай. Ел ішінде жылпостарға жем болған қаншама адам кездессе де бәрібір халық алданып қалуда. Әсіресе егде тартқан қала тұрғындары қулардың құрығынына алдымен түседі. Сондықтан, Жетісу облыстық полиция департаментінің мамандары азаматтарға ескерту жасап, алаяқтардың алдау тәсілін жіті түсіндірді. Себебі, соңғы уақытта аталған облыста интернет-алаяқтарның белсенді жұмыс істеп жатқаны байқалады.

Әккі ұрыларды анықтау – қажырлы еңбекті қажет ететін ауқымды жұмыс, себебі халықтың психологиясы терең меңгерген қылмыскерлер тәулік сайын адамның миы жетпейтін алдау тәсілдерін ойлап табуда. Жасаған заңсыз әрекеттерін әшкере ете алмайтындай із жасыруда. Сондықтан біз олармен күресудің ең тиімді жолы алдын ала іс-шараларын қолға алдық. Тұрғындарға барынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуі маңызды, - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Сарқытбай Құсайынов.

Оның айтуынша 15 ірі супермаркетте, 26 бағыттағы 187 автобуста, орталық арбатта орнатылған дауысты зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғындарға сақ болуды ескерткен. Қандай жағдайда да ешқандай сылтаумен жеке басын куәландыратын деректері мен банк карталарының мәліметтерін танымайтын тұлғаларға бермеу туралы ақпарат жеткізілген.

Менің келінім интернет-магазиннен бөліп төлеймін деп 500 мың теңгегі үй жиһаздарын алған. Сөйтсе онысы жалған ақпарат болыпты. Полицияға барып арыз бердік. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Қымбат бұйымдарды арзан бағада ұсынып тұрғандықтан бірден қызығып кетіп едік. Міне, босқа араңдап қалдық. Әлеуметтік желіде жарнамасын әдемі жасап адамды еліктіріп қояды. Әсіресе қыз-келіншектер бірден илана кетеді. Көршім де солар ұрынды. Бірақ көп ақша құртпады, содан екінші рет алмайтын болды ғой, - дейді зейнеткер әже Аманкүл Алтынбалақызы.

Акция аясында тәртіп сақшылары өз кезегінде ақпараттық буклеттер мен кітапшаларды тарату түріндегі дәстүрлі әдістермеғна шектелмей, көліктерге көрнекі үгіт-насихат мәтіні бар стендтер орналастырған. Қаланың басты көшелерін аралап, әрбір тұрғынға барынша сақтанып жүруін сұраған. Сондай-ақ 60-қа жуық кқпқабатты тұрғын үйлерді аралап, алаяқтардың құрбанына айналмау туралы ұсыныстар жазылған кітапшалар ұсынған. Және бұл іс-шара әлі де жалғаса бермек.

Қызығы сол, алаяқтар әлеуметтік желімен-ақ айласын асырып жатыр. Әсіресе көпке танмал «olx», «instagram» интернет-сайттарында онлайн-сатып алу арқылы және «банк қызметкерлері атынан қоңырау шалып, жеке деректерді иемденіп несие рәсімдеп кетіп жатыр

Кейінгі кезде өңірде қарт кісілердің қаржысы көп ұрлануда. Олар адамға сенгіш әрі осал болғандықтан интернет-алаяқтардың құрбанына тез түседі. Олардан сақтануды ең өткір шешімі – несие алудан ерікті түрде бас тарту қажет. Мұның шарты жеңіл, қолдағы ұялы телефоныңызға «Egov mobile» қосымшасын көшіріп алу қажет. Сосын заңнама бойынша жүйеге кіріп, тіркелесіз. Артынан «қызметтер» батырмасын басып, іздеу жолағында «бас тарту» сөзін енгізесіз. Ең соңында «банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» функциясын таңдайсыз. Осы арқылы қарияларды қлыскерлерден құтқара аламыз, - дейді жауапты мамандар.

Екі күнде 8 мал ұрлығы ашылды

Көксу ауданындағы Балпық би кентінде сенбілік мал базары бар. Мұнда ауыл-ауылдан жиналған жетісулықтар бордақы не жайылымда жүрген жылқы, ірі-қара, қой-ешкісін сатады. Былай қарасаңыз, бәрі заңды секілді бірақ ауылдағы малдәрігерінің бір жапырақ қағазын арқалап алып, алып-сатарылықпен айналысып жүргендер көп. Олардың ісінен шикілік таба алмайсыз. Дегенмен, арасында көрші аудандардан әкеліп ұрланған мал сататындар да бар. Мұндай жағдай жиі кездеседі. Мәселен Кербұлақ ауданының тұрғыны Есентай Аманқос өзінің жылқысын Көксудың базарынан тауып алған.

Былтыр есік алдында жүрген мама бие ұшты-күйлі жоғалып кетті, әне-міне құлындайды деп отырғанбыз. 2 апта бойы іздедік. Сосын бір жігіттер осы малбазарды көруімді сұрады. Сөйтсем, ауылдың жігіттері ерте келіп бір кісіге арзанға сатып кетіпті. Ізін тауып алдық. Полицияға жүгінбей-аө өзіміз шештік, жас балалар не істей аласың? Сотқа берсең, сорлап қалады. Қызық қуып, үлкендерге ілесіп айдап әкеткен екен. Кейін осы базардың қыр-сырына қанықтық қой, - дейді Е.Аманқос.

Шынында өңірде жылына жүздеген мал ұрлығы тіркеледі. Қазір тәртіп сақшылары соның алдын алу үшін «мал ұрысы» жедел-профилатикалық іс-шараларын жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат – үй малын ұрлаумен байланысты қылмыстардың барныша алдын алып, жолын кесу. Сондай-ақ қылмысты ашу, мал ұрлығымен айналысатын күдікті адамдар мен қылмыстық топтарды ұстап, істің мәнін анықтау.

Соңғы уақытта полиция мен ветеринарлық қызметтердің жұмысы барынша күшейтілгенін айта кетейік. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары қатарынан мобильді топтар құрылып, ет өнімдері мен мал сататын жерлерді тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек патрульдік полицейлер жолдағы заңсыз мал тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында тиісті іс-шаралар жүргізуде. Іс өз нәтижесін беріп жатыр. Ізін жасырған бірнеше қылмыскердің алдын бөгедік, - дейді Жетісу облысы ПД КПБ бөлім бастығы Серік Демейов.

Оның айтуынша, екі тәулік ішінде аталған департамент мамандары 60-қа тарта сауда жүргізу орталығы мен 200-ден астам шаруа қожалығы және шалғай учаскелері жіті тексерген. Соның нітижесінде ҚР ӘҚБтК талаптарын бұзу бойынша 75 дерек анықталған екен. Атап айтсақ, 61 тұлғаға қатысты ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзылғандығы белгілі болған. Сондай-ақ 14 – ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу фактісі тіркелген.

Осылайша кінәлі тұлғалардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ең бастысы сол екі күн ішінде 8 мал ұрлығы ашылыпты. Құзырлы органдар әлі де тексеру жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді. Себебі тұрғындар тарапынан мал ұрлығы бойынша түскен арызда өте көп.

Өзгелердің жаңалығы