Жетісу әкімінің ғимараты сауықтыру лагеріне айналды

17 Шілде 2023, 20:03
833
Бөлісу:
Жетісу әкімінің ғимараты сауықтыру лагеріне айналды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жетісу облысында әкімнің резиденциясы балалар сауықтыру лагері болып қайта жабдықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысында Алакөл ауданы әкімдігінің бұрынғы резиденциясының ғимаратында 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру лагері ашылды. Енді жазғы кезеңде ерекше қажеттіліктері бар балалар Алакөл көлінің емдік суларында өз денсаулығын нығайта алады. Маусым барысында өңірдің түкпір - түкпірінен 200-ден астам баланы қамту жоспарлануда.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы жылдың ақпан айында аудан тұрғындарымен кездесу барысында Ақши ауылында, жағалауда орналасқан нысанды қайта жаңарту туралы тиісті тапсырма берді. Бастама халықтың қолдауына ие болды.

Орталықта мүгедек балалардың жеке, әлеуметтік, шығармашылық дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында аумақты ағымдағы жөндеу және абаттандыру жүргізілді, бассейн салынды. Орталық аумағында барлық қажетті жабдықтары бар асхана жұмыс істейді, ашық аулада балалар ойын алаңы салынды, балаларға арналған және басқа да жиһаздар сатып алынды. Қауіпсіздік мақсатында алғашқы медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етілді, бейнебақылау камералары, өртке қарсы дабыл және өрт сөндіру құралдары орнатылды. Ғимарат пандустармен жабдықталған. Әлеуметтік нысанды қайта жаңартуға жергілікті бюджеттен барлығы 38,2 млн теңгеден астам қаражат бағытталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын "AIDAR GROUP 2017" ЖШС және "RusStroy" ЖШС жүзеге асырды.

Облыс әкімі бастама жасаған бұл жоба бірегей болып табылады. Алғаш рет жартылай стационарлық медициналық-әлеуметтік мекеменің жанынан Алакөл жағалауында ерекше қажеттіліктері бар балалардың демалуына арналған орталық аштық. Бұл орталық 40 орынға есептелген. Әр баланың демалу ұзақтығы - 5 күн. Жазғы кезеңде облыс бойынша 200-ден астам баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Балаларды қабылдау I-ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі орталық Ақши ауылына, лагерьдің өзіне орталықтандырылған тасымалдауды қамтамасыз етеді, - деп хабарлады облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев.

Айта кетейік, "Жансая" күндізгі оңалту орталығының теңгеріміне берілген жазғы сауықтыру лагері Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында орналасқан коттедждік үй болып табылады. Нысанның жалпы алаңы 200,3 шаршы метрді құрайды. Бөлмелер саны - 12, жатын бөлмелер – 8, 2 ойын залы, асхана, медбике кабинеті бар. Жазғы кезеңде қызмет көрсететін және оның жұмысын қамтамасыз ететін 24 штат бірлігі бекітілді, оның ішінде 14 маман, 2 медицина қызметкері және 8 кіші қызметкер. 

Орталықтың басты мақсаты – медициналық-психологиялық іс-шаралар мен әлеуметтік бейімдеу шараларын жүргізу арқылы ерекше қажеттіліктері бар балалардың жазғы демалысын сапалы өткізуді қамтамасыз ету.

Өзгелердің жаңалығы