Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 15 күн бұрын Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округі Жайлаукөл елдімекенінің диқаны Совет Тастанұлы 4 гектар қырыққабат алқабынан 100 тоннадан астам өнім алып, Ресейге жөнелткен болатын. Ал бүгін қарбыздың алғашқы 40 тоннасын Ресейдің Новосібір қаласына жөнелтіп жатқандарына арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында куә болдық.
Диқан алғашқы жөнелткен қырыққабат өнімдерінің әрбір келісін 150-180 теңгеден сатыпты. 20 жылдан бері диқаншылықты кәсіп еткен бағбан наурыз айында 4 гектар жерге қарбыздың «Атаман» сортын еккен. Қазірдің өзінде өнім көлемі гектарына 30 тоннаны құрап отыр. Қарбыздың әр келісі егістік басында 220 теңгеден сатылуда.
Жалпы, Мақталы ауыл округінде 8385 гектар егістік алқапты жер бар, оның 285 гектары қарбыз, 730 гектары қауын, ал бақшаның жалпы көлемі 1300 гектарды құрайды.
«15 наурыздан бастап «Талисман» қарбызын» еккенбіз, бағасын 150 теңгеден сатып жатырмыз. Бүгінгі таңда, Мәскеу қаласына жөнелттік, шамамен 25 тоннадай шығады деп отырмыз. Егіс алаңында тағы да қалған өнімдеріміз бар. Биыл көктемнің салқын болуына байланысты өнімдеріміз 75 күнде пісті. Негізі өзінің кітабы бойынша қарбызды 65 күнде піседі делінген. Бір гектардан 35 тоннадай шығайын деп тұр. Мұның алдын қырыққабат еккенбіз. Өнімдеріміз Самар, Челябинскіге кетті, яғни Ресейге артылды. Ал егістікті суғаруда мәселе жоқ», - деді диқан Бауыржан Әбдіғаппарұлы.
Диқанның айтуынша, 1 гектарға егілген қарбызға 800 мың теңге шығын кетеді. Сонымен қатар, ауданда бір жерден екі өнім алу үрдісі жақсы жолға қойылыпты. Айталық, бір аптадан кейін қарбыздан босаған орынды тазалап, қайтадан егістік жұмыстарын жалғастырмақшы. Ал қырыққабаттан босаған егістікке диқандар мақта дақылын сеуіп үлгеріпті.
Қазіргі таңда «С-Тастаната» шаруа қожалығының егістік алқабында 50-ге жуық ауыл азаматы жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысы күніне 3-4 мың теңгеден ақша тауып отыр.
Бұдан кейін пресс турымыз қауынды алқапта жалғасын тапты. Жалпы биыл Жетісай ауданында 15 мың гектардан астам жерге қауын-қарбыз егілген. Оның 8 мың гектардан астамын қауын дақылы құрайды. Жетісай ауданының кәсіпкері Ғабит Сәбденов 30 гектар қауын егіп, өнімдерін Ресейдің қалаларына экспорттауда.
«Осында қауынның 2 сортын ектік, 15 гектарын «F-1 Дакара», 15 гектарын «Аэропорт» сорты құрайды. Биыл егістік жұмыстары ерте басталды. 8 наурыздан бастап егістік алқапқа қауынның 250 мың түп көшеті отырғызылды. Әр гектарынан 30 тоннадай өнім алдық. Бүгінде өз техникаларымызбен алған өнімдерді шетел нарығына жеткізіп жатырмыз. Қауындарды егістік басында 500 теңгеден сатамыз, ал сырт жаққа өзіміз барып сататын болсақ 700 теңгеге дейін саудаласамыз. Жалпы, біздің шаруалар диқаншылыққа жақсы бейімделген. Ертеден әрекетін жасап, өнімдерді Дуба тәсілімен егіп, 70 күнде нарыққа шығара алдық. Бұл жерде жұмыстың өнімді болу себебі, егісті ерте бастадық әрі тынымсыз тіршілік пен мол тәжірибенің арқасы деп ойлаймын», - деді Ғабит Сәбденов.
Кәсіпкер алдағы екі-үш күнде тағы да 90 тонна қауынды Мәскеу қаласының сауда орталықтарына жөнелтетінін айтты.
Бұдан соң пресс турымыз үшінші нысан – қарқынды бауға бет алды. Биыл Жетісай ауданының бағбандары өрік бауының алғашқы өнімдерін алуда. Атамекен ауыл округі Мақташы ауылында орналасқан «Арсенал-Сад» ЖШС биыл 12 гектар өрік алқабының әр гектары 20 тоннаға жуық өнім берген. Аталған шаруа қожалығы 2011 жылы қарқынды бау түрлерін егіп, алғашқы өнімдерін 2013 жылдан бастап ала бастаған.
«Қазіргі таңда өрік бауынан өнім жинау үстіндеміз. Бір апта алдын күніне 3 тоннадан өнім жинасақ, қазір күннің ыстық болуына байланысты 5 тоннаға дейін өрік жинап жатырмыз. Өріктерді Алматыда «Магнумға», өзіміздің Шымкент, Жетісай, Мақтаарал ауданына жіберіп жатырмыз. Жалпы өріктің көлемі 20 гектар, оның 12 гектарын Италиядан алып келген көшеттер құрайды. Көрсеткішіміз жақсы, бағасы да қолжетімді, сұраныс та бар. Егер бұл өріктерді шетелден таситын болсақ 3 доллардан болар еді. Ал бізде сатылу бағасы 1,5 доллар. Бауда өріктің 4 түрі бар, бұл сорттардың тиімділігі - басқа мемлекеттен шығып жатқан өріктермен салыстырғанда шыдамды, ұзақ мерзімге сақтауға жетеді», - деді агроном Ерлік Шораұлы.
Ерлік Шораұлының айтуынша, «Арсенал-Сад» ЖШС көлемі 380 гектар. Оның ішінде 110 гектар жүзім алқабы, алма бауы 100 гектар, өрік бауы 20 гектар, алхоры 20 гектар, шабдалы 20 гектар, анар 12 гектар. Баудың 300 гектарына италиялық көшеттер, 80 гектарына өзбек көшеттері отырғызылған.
2012 жылы Италиядан, Алматыдан алма көшеттерін отырғызған жылдан бастап, гектарынан 5 -7 тонна өнім алыпты. Себебі, алмалар 2 жылдық көшет болған. 2013 жылдан бастап жүзім, алхоры, алма, өрікті әкеліп еккен. 2014 жылы 15 гектар жерге алманың 600 мың көшетін әкеліп отырғызып, италиялықтармен бірлесіп өсірген. 2015 жылы Өзбекстаннан анар ағашын әкеліп, 4-5 жылдан кейін өнімдерін көре бастапты.
«Мысалы, 2012 жылы Италиядан әкелген көшеттердің бағасы сапасына байланысты 4-6, 8-10 долларға дейін жетті. Алманың 9 түрлі сортын әкеліп отырғыздық. Бізде өндірілген көшеттің жерсініп, көгеруі 97-98 пайыз. Өйткені, жергілікті жерге бейімделген көшеттер. 2015-2016 жылдары осы көшеттерді Қазақстанның барлық қалаларына саттық. Бұл алмалардың тиімді, жақсы өнім беру себебі, жергілікті аймақтың ауа райына бейім», - деді агроном Е.Сәдібеков.
Қазір шаруа қожалығында өрік жемісі ғана пісіп тұрғандықтан 100 адам жұмыс істеп жатыр. Ал маусым қызған шақта жүзім, алма, алхоры өнімдерін жинау үшін бауда 300-400 адамға дейін жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақысы әрқалай келісіммен беріледі. Мысалы, 15 күн істейтіндер бар және күнделікті айлық алатындар бар. Орташа есеппен айлық 80-100 мың теңге арасында.
«Бізге мемлекеттен субсидия бөлінеді, 50 пайыз жеңілдікпен аламыз. Селитра, басқа дәрілерді де енгізіп жатыр. Техника, трактор, сақтау бойынша барлық жағынан жағдай жасап жатыр. Өріктердің көшетін 2014 жылы отырғыздық. 2016 жылдан бастап гектарына 3-5 тонна, 2017 жылы 12-15 тонна, 2018 жылы 20-22 тонна алдық. Биыл ауа райының қолайсыздығынан жауын-шашынның көп болуына байланысты өнім азайды. Бірақ, өнімнің бағасы биыл жоғары. 14 мамырдан бастап өріктің бағасын 700 теңгеден босаттық. Осы біздің баулар секілді шаруашылықтар көбейіп жатса әрине шетелден келген экспортты тежей аламыз», - дейді агроном.