Жетісайда мол өнім алудың тәсілі мен мақтаның жаңа тұқымы таныстырылды

25 Ақпан 2022, 20:19
1424
Бөлісу:
Жетісайда мол өнім алудың тәсілі мен мақтаның жаңа тұқымы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі таңда елімізде ағын су тапшылығ айқын сезіліп жатыр. 

Сондықтан суды үнемдеу және өзге де тәсілдер қолданысқа енгізілуі тиіс. Түркістан облысы, Жетісай ауданының диқандары егін егуде жаңа технология мен ғылыми жаңалықтарды қолдануды түсіндіру үшін ашық аспан астында семинар өткізді.

Ерекше форматта өткен жиынға Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек, ауылдық округ әкімдері мен жер мамандары, ірі шаруа қожалықтар мен кооператив төрағалары, мақта ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысты. Мақсат – лазерлі тегістегіш арқылы шаруаларға ағын суды үнемдеу мен мақтаның «Мақтаарал-5027» жаңа тұқымының тиімділігін таныстыру. Бірнеше жылдан бері лазерлі тегістегіш тәсілін қолданып, ағын суды үнемдеумен қатар мақта дақылынан мол өнім алып келе жатқан «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының төрағасы Ербол Ералиев жобаның тиімділігін түсіндірді.

Лазерлі тегістегіш тәсілін қолданған соңғы 3 жылда жер айдауды тоқтатқанбыз. Жерді тегістеп, 2-3 мәрте алатын жазғы суымызды да бір-ақ рет аламыз. Қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу кезінде жерді 70-80 сантиметрге дейін терең қопсытып, 10-15 сантиметріне дейін су қоямыз. Бұған дейін қысқы сор шаю жұмыстары кезінде гектарына 8 текше метрге дейін ағын су пайдалансақ, қазір гектарына 3,5-4 текше метр ғана су пайдаланамыз. Мұндай әдісті 7-8 жылда бір қолдану керек,  - дейді ол.

Семинар барысында мақта зиянкестеріне төзімді «Мақтаарал-5027» жаңа сортының таныстырылымы өтті. Мамандардың айтуынша, 117-119 күнде пісетін дақылдың өнімділігі гектарына 42-45 центнерді құраса, талшық шығымдылығы – 38,7%. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты гектарына 160 мың теңгеге жеткізуге болады.

Өзгелердің жаңалығы