Жергілікті жұмысшылардың жағдайы мен ұлттық мүддені бірінші орынға қоюымыз керек – Президент

11 Маусым 2021, 17:57
3029
Бөлісу:
Жергілікті жұмысшылардың жағдайы мен ұлттық мүддені бірінші орынға қоюымыз керек – Президент
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келген алғашқы күндерден бастап елдегі әлеуметтік-саяси проблемалармен бетпе-бет келіп, оны шешудің тиімді жолдарын ұсынды. 

Елдің есінде қалған сондай оқиғалардың бірі Теңіз кенішіндегі жұмысшылар жанжалы.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Теңіз жұмысшылар кентінде 2019 жылы маусым айының соңында наразылық туындаған болатын. 

Оған Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore компаниясында жұмыс істейтін шетелдік мамандар мен жергілікті жұмысшылар жалақыларындағы алшақтық пен еңбек жағдайындағы теңсіздік себеп болды. Осыған наразылық білдірген жұмысшылар ереуілдеп, шетелдіктердің елден кетуін және еңбек шартының қайта қаралуын талап етті.

Президент елде қалыптасқан ескі мәселені шешудің жаңа жолын ұсынды. Мемлекет басшысы қазақстандық және шетелдік жұмысшыларға атқаратын бірдей жұмыстары үшін әртүрлі жалақының төленуіне жол берілмеуі керектігін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев наразылық білдірген жұмысшы қауымның еңбек келісімшарттарын тыңғылықты қарап, олардың талабын ескеруді тапсырды. Осы мәселеге қатысты министрліктер мен мамандардың шұғыл отырысын өткізіп, инвесторлармен келіссөз жүргізді.

Жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен ұлттық мүддені алдыңғы орынға қоюымыз қажет. Мұндай жағдайлар болашақта туындамауы керек, - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетерлігі, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 40 пайызға қысқарды.

Өзгелердің жаңалығы