Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті жолдардың желісін дамыту және жолдарды өндеу жұмыстары жайында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов онлайн брифинг барысында айтып берді.
Көлік жолдары саласының алдында тұрған міндеттердің бірі - қазақстандықтардың өз үйіне сапалы жолмен жетуін қамтамасыз ету болып табылады. Жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы - 70,9 мың шақырымды құрайды. 2020 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге 259 млрд теңге қарастырылды. Оның 4,1 млрд теңгесі облыстық жəне аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге, ал 52,9 млрд теңгесі республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін жөндеуге, сонымен қатар Нұр-Сұлтан жəне Алматы қалаларындағы жер телімдерін сатып алу мақсаттарына жұмсалмақ, - деді спикер.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін көлік жолдарының 4 мың шақырымын жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланғанын айта кетті.
Бұл ретте ел өңірлерінде 350 жоба іске асырылып, жөндеу жұмыстарына 30,5 мың адам жұмылдырылады. Сондай-ақ, жергілікті жолдардың үлесі 75%-ды құрайтын болады. Жөндеу жұмыстары осындай қарқынмен жүргізілсе, 2025 жылға қарай жергілікті көлік жолдары желісінің 27 мыңнан астам шақырымы жөнделетін болады. Бұл өз кезегінде облыстық жəне аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, - деді комитет төрағасы.
Брифинг барысында жолдарды жөндеу жұмыстары жайында да сөз қозғалды.
Биыл республикалық маңызы бар көлік жолдарын жөндеу жəне аталмыш жолдарды күтіп ұстауға 86 млрд теңге бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарымен жолдардың 440 шақырымы қамтылып отыр. Оның 62 шақырымы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Күрделі жөндеу жұмыстарының аясында барлығы 23 жоба іске асырылып жатыр. Оның 20-сы өтпелі, 3-еуі БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарындағы жаңа жобалар, - деді ол.
Айта кету керек, орташа есеппен жөндеу жұмыстарымен көлік жолдарының 1079 шақырымы қамтылған.
Бұған дейін "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 10 мың шақырым жол жөнделгені белгілі болды.