Жерге оралу – ең қиын сәт: Артемида II экипажын сынақ күтіп тұр

Миссия аясында қолданылатын Orion spacecraft капсуласы атмосфераға шамамен 40 мың км/сағ жылдамдықпен кіреді. Қайта кіру процесі небәрі 15-16 минутқа созылады. Осы сәтте негізгі қауіп – жоғары температура.

 NASA Бүгiн 2026, 15:17
Бүгiн 2026, 15:17
236
Фото: NASA

NASA жүзеге асырып жатқан Artemis II миссиясында Жерге қайта оралу кезеңі ең қауіпті сәттердің бірі саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The Sun агенттігіне сілтеме жасап. 

Сарапшылардың мәліметінше, миссия аясында қолданылатын Orion spacecraft капсуласы атмосфераға шамамен 40 мың км/сағ жылдамдықпен кіреді. Қайта кіру процесі небәрі 15-16 минутқа созылады. Осы сәтте негізгі қауіп – жоғары температура. Атмосфераға ену кезінде капсула сырты шамамен 2700°C-қа дейін қызады. Ғарышкерлерді бірнеше сантиметрлік арнайы жылу қалқаны ғана қорғайды.

Фото: nassartemis

2022 жылы өткен Artemis I миссиясында жылу қалқанының кей бөліктері бүлініп, материалдардың үгітілуі тіркелген. Осыдан кейін NASA инженерлері қайта кіру әдісін қайта қарап, тәуекелдерді азайтуға бағытталған өзгерістер енгізген.

Атап айтқанда, бұған дейін қолданылған «skip entry» тәсілінен бас тартылып, атмосфераға бір реттік тікелей кіру сценарийі таңдалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл әдіс жылу жүктемесін біркелкі таратып, қорғаныс қабатының зақымдану ықтималдығын төмендетеді. Қону бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Алдымен капсула атмосферада тежеледі, кейін парашют жүйесі іске қосылып, аппарат Тынық мұхитына қонады.

Фото: nassartemis

Жалпы Artemis II – Ай маңына адам жіберуге бағытталған алғашқы пилоттық миссиялардың бірі. Оның басты мақсаты – терең ғарыштағы ұшу жүйелерін тексеру және болашақта Айға адам қондыруға негіз қалау. Сарапшылардың пікірінше, осы миссияның сәтті өтуі Artemis III бағдарламасының жүзеге асуына тікелей әсер етеді.

Artemis II Айдан не әкеледі? 

Artemis II миссиясы Айдан нақты зат емес, болашақ ғарыш сапарлары үшін аса маңызды ғылыми деректер мен бірегей визуалды материалдар әкеледі. Мамандардың мәліметінше, миссия барысында Orion spacecraft кемесінің барлық жүйесі адам қатысуымен тексеріледі. Атап айтқанда, навигация, байланыс және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері толық сынақтан өтеді.

Фото: nassartemis

Сонымен қатар, астронавтар ғарыштан бұрын-соңды болмаған сападағы фото және видео материалдар түсірген. Оның ішінде Айдың Жерден көрінбейтін арғы беті, сондай-ақ ғарыштан қарағандағы Жердің сирек көріністері тіркелді. Бұл кадрлар ғылыми тұрғыда ғана емес, визуалды дерек ретінде де аса құнды саналады.

Миссия аясында адам ағзасының терең ғарыштағы жағдайға бейімделуі де зерттеледі. Ғарышкерлердің радиацияға, салмақсыздыққа және психологиялық жүктемеге реакциясы туралы нақты деректер жиналады. 

Айта кетейік, бұл миссияда Айдан топырақ немесе тас үлгілері алынбайды. Artemis II – пилоттық ұшу, оның негізгі мақсаты – технология мен қауіпсіздікті тексеру.

Фото: nassartemis

Сарапшылардың айтуынша, жиналған деректер мен түсірілген материалдар келесі кезең – Artemis III миссиясына негіз болады. Дәл осы бағдарлама аясында адамды Ай бетіне қайта қондыру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, Artemis II миссиясының ең құнды “олжасы” – ғылыми деректер, технологиялық тәжірибе және ғарыштан түсірілген бірегей визуалды материалдар. Бұл ақпарат адамзаттың Айға тұрақты оралуына жол ашатын негізгі база болмақ.

Бұған дейін Artemis II Айды айналып, енді Жерге бет бұрған жазған едік. Экипаж Ай бетіне қонбай, оны толық айналып өтіп, Жерге қайтатын 10 күндік ұшу кезеңін аяқтауға жақын.  Ұшу барысында кеме Айдың тартылыс күшін пайдаланып, кері бағытқа бұрылатын күрделі маневр орындады. 

Кейін  Artemis II миссиясының негізгі мақсатын астроном түсіндірген еді. 

Наверх