Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Әзірленген заң жобасының мақсаты - жер заңнамасын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын реттеу және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар:
- қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру;
- келесі, жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығын беру;
- мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте, оларды пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып саналады;
- жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын әкімдіктерден қайтару;
- жер үлестері есебінен құралған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кепілге салу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда рұқсат беру;
- ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу;
- жер беру комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімін белгілеу бойынша нормаларды нақтылау;
- халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау;
- берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді мемлекеттік жер кадастрының интернет - ресурсында ашық түрде орналастыру;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.
Енді жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға тарту, жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге қажеттілігін қанағаттандыру, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгертуге қойылатын талаптарды және жерді пайдалану мен қорғауға бақылауды күшейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақпараттың ашықтығы болуын күтеміз,- дейді вице-министр.