Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков айтты.
Қоғамды көптен бері алаңдатып жүрген жер мәселесіне қатысты «Ауыл» партиясының позициясына тоқтала кетті.
Бұл - халықты, әр азаматты көптен бері алаңдатып отырған мәселе. Бұл проблема 92 жылдан бері біздің қоғамға белгілі болды. Нарықтық принциптер күнделікті өмірімізге енгеннен бері түрлі көзқарас, пікір алмасу болып жатыр. Біреуі жерді сатылуы керек десе, енді бірі сатылмауы керек дейді. «Ауыл» ХДПП-ның көзқарасы бір. Шетелдік азаматтарға жер сатылмауы керек және жалға да берілмеуі керек. Жердің өзі қазіргі азаматтарға ата-бабамыздан сонау заманнан бері қарай тапсырылып кеткен аманаты. Соны біле отырып, жерді шетелдік азаматтарға қалай сатпақшымыз, қалай жалға бермекшіміз?! Қаншама қан төгіс болып, қаншама жаулармен соғысып, сойылмен, шоқпармен жерді аман алып қалғанда оны біреуге жалға беріп, сатуға ешқандай да құқығымыз жоқ. Тіпті ата-бабамыздың алдында да, келешек ұрпақ алдында да оған бара алмаймыз. Партияның көзқарасы осындай, - деді Төлеутай Рахымбеков .
Айта кетейік, Бүгін партияның саяси кеңесінің отырысы өтті. Отырыста «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының өткізілуі туралы шешім қабылданды. Сауалнамаға қатысу ерікті түрде жүргізілетіні айтылды. Бұдан бөлек, Түркістанда «Ел аманаты» республикалық штабы құрылады.