Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірі шаруаларының пікірінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты барлық мәселелерді шешу мен жағдайды бақылау тетіктерін мемлекет өз жауапкершілігіне алуы керек. Сонда ғана экономиканың даму драйверіне айналатын сала дами түспек.
Александр Касицин - өңірдегі ірі шаруашылықтардың біріне жетекшілік етіп жүрген шаруа. «Галицкое» шаруа қожалығы 1998 жылы Успен ауданында құрылды. Бүгінгі таңда кәсіпорын сүтті және етті асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Нақтырақ айтқанда, симментал және қазақтың ақбас сиырларын өсіріп отыр.
Жер мәселесі елімізде осыдан бес-алты жыл бұрын қызу талқыланған еді. Сол сәтте Жер кодексінің бірнеше пунктіне мораторий енгізілген болатын. Ал биыл жыл соңында мораторий аяқталады, сондықтан, қазіргі уақытта Жер кодексіне енгізілетін өзгертулер қызу талқылана бастады. Нақтырақ айтқанда, бастапқыда жерді шетелдіктерге, шетелдіктерге қатысы бар кәсіпорындарға сату мәселесі көтерілді. Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты. Дегенмен, Жер кодексіне қатысты бірқатар сауал бар. Біз, шаруалар, өз кезегімізде пікірлерімізді ортаға салып, ұсыныс айтатын боламыз, - дейді Александр Касицин.
Қазіргі таңда шаруа қожалығында бес мыңға жуық ірі қара бар. Оның ішіндегі екі мыңнан астамы сиыр болса, 1200-ден астамы - жылқы. Кәсіпорын соңғы жылы мал етінің 700 тоннасы мен жеті мың тоннаға жуық сапалы сүт өндірді. Шаруашылық заманауи технологияларды енгізіп, сапа стандарттарына сай болуға тырысады. Бүгінде успендік өнім облыс нарығында ғана емес, көрші ел нарығында да жоғары сұранысқа ие.
Шаруашылық алға қойылған мақсаттарына орай дамып келеді. Биыл 1000 басқа арналған тағы бір сүт-тауарлы кешенді іске қостық. Қазір Германиядан асыл тұқымды мал әкеліп жатырмыз. Симментал тұқым сүтті, ал қазақтың ақбасын етті бағытта өсіреміз. Қазақ ақбас сиырлары үшін канадалық сынақ стансасын сатып алдық. Стансада бұқалардың өнімділігі мен төлдің сапасы бойынша сынақтар жүргізіледі. Мәліметтер екі ай бойы жиналып, оларды жинау орталығына жіберіледі. Кейін бұқалардың өсіп-өнуі, салмақ жинауы бойынша сараптама нәтижелерін аламыз. Бұл жаңашылдықты енгіздік. Заманауи құрал-жабдықты іске қосуға шамамен 40 млн теңге бөлдік, - дейді Александр Касицын.Шаруашылық көктемгі-дала жұмыстарына қатар дайындалып жатыр. Бүгінде 67 мың гектар егістік алқабымыз бар.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында кәсіпорын қарыштап дамуда. Мәселен, 2020 жылы мал шаруашылығы бағыты бойынша 800 мың теңгеге жуық, ал өсімдік шаруашылығы бойынша 139 мың теңгеге жуық субсидия бөлінген.
Айта кетейік, бүгінде ірі фермада 200-ден астам адам еңбек етеді.