Жер пайдалану тәртібін бұзған адамдарға үш жылға дейін жер телімі берілмейді

30 Маусым 2020, 13:22
3666
Бөлісу:
Жер пайдалану тәртібін бұзған адамдарға үш жылға дейін жер телімі берілмейді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жер телімдерін өзінің де, өзгенің де пайдасына жаратпаған қолданушылар үш жыл бойына қайтара жер алу құқығынан айырылады.

Бұл туралы бүгін, Шығыс Қазақстан облыстық Жерді пайдалану және қорғауды бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев хабарлады.

Жер пайдалануды профилактикалық бақылау мақсатында тексерулер жүргізіліп тұрады. Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда жер пайдаланушы субъектілері әкімшілік жазаға тартылады. Жер кодексінің 94-бабына сәйкес, оларға бұзушылақтарды бір жыл немесе үш ай көлемінде жою жөнінде нұсқаулықтар беріледі. Ал жер пайдалану заңнамасын бұзған мемлекеттік органдарға әкімшілік жазадан бөлек, лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылады, - деді Сейсенғазы Чукаев.

Басқарма басшысыныңхабарлауынша, 2015-2019 жылдары аралығында пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған 1 554 мың гектар ауылшаруашылығы жерлері анықталған. Аталған уақыт ішінде оның 1 032,3 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылып, 908,5 мың гектары ауылшаруашылығы айналымына қайта берілген.

2018 жылдың мамырынан бастап пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне деген бақылауды күшейту мақсатында оларды анықтау және қайтару функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілген болатын. Осылайша жергілікті әкімдіктер жер учаскелері иелеріне қатысты бақылауды өздері жүргізіп, топырақтың құнарлылығын сақтау және қайтаруға, жерлерді бұзылуға ұшырататын үрдістерді тоқтату шараларын ұйымдастыра бастады. Жаңа функциялар белгіленген уақыттан бері облыстық басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып 416 жер теліміне қатысты 187 тексеру ұйымдастырып, 81,39 мың гектар жерде заңбұзушылықтардың орын алғанын анықтаған. Оның 64,14 мың гектары қолданылмай жатса, 17 мың гектары рационалды түрде қолданылмаған, - деді Сейсенғазы Чукаев.

Шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге жарияланған үш жылдық мораторийге байланысты жер қатынастарына жауап беретін құзырлы органдар ғарыштық мониторингті қолдануды көздеп отыр.

Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі бақылау құзыретін жергілікті атқарушы органдардан алып, орталықтағы органға жер ресурстарын басқаратын аумақтық бөлімшелерін құруға мүмкіндік беретін заң жобасын жасауды қолға алды. Сонымен қатар аталмыш заң жобасында тексеру кезеңдерінің санын және пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару мерзімдерін азайту, бақылауға жататын нысандарға бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін шаралар да қарастырылған. Қазіргі уақытта аталмыш заң жобасы қоғам талқылауына берілген, - дейді СейсенғазыЧукаев.

2016 жылы облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер телімдерін қайтарудың жол картасы әзірленген болатын. 2018 жылы оған қосымша ретінде пайдаланымай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарудың алгоритмдері дайындалды. Осы құжаттар негізінде облыстық басқармамен өткен жылы 234 жер учаскесінде қажетті нысандарды салу жұмыстарын бастау жөнінде ескерту жасалған екен.

2019 жылы азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекет құқықтарын бұзуға байланысты 547 арыз-өтініш келіп түсті. Олардың тексеру нәтижесінде 431 бұзушылық анықталды. Заңбұзушылар әкімшілік жазаға тартылып, жалпы сомасы 14,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, жер телімдерін пайдаланбай жатқан қолданушыларға Салық кодексінің 509-бабына сәйкес, қосымша 10 еселенген салық төлеу режимі енгізілді. Осының нәтижесінде соңғы бес жыл көлемінде облыстық бюджетке қосымша 55,5 млн. теңге қаражат келіп түсті. Жалпы бұзушылықтар арасында 56 факт Өскемен қаласына қатысты. Олардың қатарына жарнама қалқандарын, темір гараждарды заңсыз орнату және белгіленген жер шегінен тысқары шығып кету сияқты бұзушылықтар жатады.

Жауапты тұлғаның айтуынша, сот шешімі бойынша қайтарылған жер телімдері сот орындаушылары тарапынан бір жылда үш рет сатылымға шығарылады. Егер осы уақыт аралығында ешкім қызығушылық танытпаса ол жер сот шешіміне сәйкес, арнайы жер қорына аударылады. Сонымен қатар сот шешімімен алынған жер телімдерінің бұрынғы иелері туралы ақпарат арнайы тізілімге енгізілуі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жолданады. Мұндай тізімдегі азаматтарға жер телімдері алдағы үш жыл көлемінде берілмейтін болады. Қазіргі уақытта бұл тізімге Шығыс Қазақстан облысынан 260 жер қолданушысы енгізілген.

Қоса кетсек, 2019 жылы қайтарлыған жер телімдерінің 95-і Бұқтырма суқоймасының жағалауында орналасқан учаскелер көрінеді. 2016 жылдан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өңірдің рекреациялық аумақтарында, атап айтсақ, Бұқтырма суқоймасының, Алакөл, Сібе көлдерінің жағалауларында жалпы аумағы 350 гектарды құрайтын 1042 жердің пайдаланылмай жатқаны белгілі болған. Соның ішінде Сібеде – 261, Алакөлде – 113, Бұқтырма суқоймасында – 662 жер телімі құраған. Қазіргі уақытта олардың 287-сі қайта қолданыла бастаса, 225 жер телімі сот тәртібімен кері қайтарылған екен.

Өзгелердің жаңалығы