Жер мәселесі: Заңгер жерді конкурспен беру тәртібін жеңілдетуді ұсынды

13 Наурыз 2021, 21:04
4324
Бөлісу:
Жер мәселесі: Заңгер жерді конкурспен беру тәртібін жеңілдетуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер даулары бойынша заңгер, сарапшы Бақытжан Базарбек жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты пікірін білдірді.

Президент жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруді тоқтату туралы өзінің ұсынысын білдірді. Жер кодексінің 24-бабының 1-2 тармағы бойынша жерді сатуға, жалға беруге 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жарияланған. 31 желтоқсан әлі болмаса да, ол мораторийді алу керек не болмаса жалғастыру керек. Осы шешімнің біреуін ғана қабылдау қажет, - деп айтты сарапшы.

Бақытжан Базарбек Президенттің оң шешім қабылдағанына тоқталды.

Жер мәселесі өзекті болғандықтан барлық аймақтарды араладық. Сондықтан Президенттің шешімі орынды деп есептеймін. Себебі егер мораторийді алып тайтайтын болсақ, онда бізде мұндай жағдайда жерлерді қайтадан қайтаратын механизм жоқ. Әрине жалға алу шарттарын тоқтату сияқты механизмдер қазір дайындалып жатыр, - деді заңгер.

Оның сөзінше, қоғамның ішкі ауылшаруашылық саласын көтеруін негізгі басымдық ретінде қою керек. 

Ол үшін Жер кодексінің 43-1 бабын енгізгенбіз. Аталған бап бойынша азаматтарымызға ауылшаруашылық мақсатында жерлерді конкурс арқылы беру қарастырылған. Оның өзінде де жерді ішкі ауылшаруашылық ұйымдарына беруді негізгі басымдық ретінде қоюымыз қажет. Ал шетелдіктерге ауылшаруашылығы мақсатында жерлерді беруді тоқтатуымыз керек, - деп түсіндірді Бақытжан Базарбек.

Сарапшы айтып өткендей, бұл жерде бір мәселе туындайды. Ол ауылшаруашылығына құйылып жатқан инвестицияларға қатысты. Себебі шетелдіктер инвестицияларды құюға дайын.

Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларының жинаған қаражаты да едәуір үлкен инвестиция. Тек оны ауылшаруашылығы саласына бағыттау керек, - деді ол.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, енді Президенттің үндеуінен кейін жер комиссиясы құрылады. Осылайша комиссияның жұмысы басталады. Комиссияның отырысында Жер кодексінің 43-1 бабындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурспен беру тәртібін жеңілдетуді ұсынамын. Ол жерде талаптар күшейтіліп кеткен. Кез келген шаруа қожалығы немесе шаруа қожалығымен айналысатын азамат ауылшаруашылық жерлерін алуға, конкурстың талаптарына сәйкес болуға мүмкіндігі жоқ. Талаптары өте қатал. Бизнес жоспар дайындау қажет, қаражаты болуы керек, білімі, техникасы, соған сәйкес келетіндей мамандары болуы қажет. Бұл жерде негізгі басымдықты Жер кодексінің 43-1 бабын жеңілдетуге беру керек. Яғни ауылшаруашылық жерлерді өзіміздің отанымыздың азаматтары мен заңды тұлғаларына беруді жеңілдету.

Заңгер айтып кеткендей, мораторий екі бапқа енгізілген.

Біріншісі Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағы және 2-тармағы. 1-тармағы бойынша өз еліміздің азаматтарына ауылшаруашылығы мақсатында жерді жекеменшік құқығына беру. Жекеменшік құқығына беруге қатысты мораторийді алып тастауға болады. Себебі бұл нарықтық экономика болғандықтан, оның негізі - жекеменшік құқығы. Бірақ мұның бір қауіпі бар. Мысалы, шартты жер, яғни пай үлесі. Олар бұрынғы «колхоз, совхоздар». Олардан қалған шартты жер үлесін иемденген көптеген азаматтың пайлары үлкен кәсіпорындардың қолына өтіп кеткен. Олар тек уақытша пайдалану құқығында. Енді қазір кәсіпорындар пайларды жекеменшік құқығына айналдыруға дайын. Нәтижесінде екі ортада қарапайым азаматтар өздерінің пайларынан айырылып қалулары ықтимал, - деген пікір айтты сарапшы.

Бақытжан Базарбек осыған байланысты жекеменшік құқығына өткізу тәртібіне қатысты мораторийді кезең-кезеңімен алу керек деп ұсыныс айтты.

Бірден алып тастамай, кезең-кезеңімен алу керек. Жер кодексінің 24-бабында «шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді уақытша пайдалану құқығына берілмейді» деген норманы енгізу керек. Ал «Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауылшаруашылық жерлерді жекеменшік құқығына беру» нормасына мораторий ретінде қалдыру керек не кезең-кезеңімен жекеменшік құқығына беруді енгізу қажет, - деп қорытындылады ол өз сөзін.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдағанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы