2021 жылы Нұр-Сұлтанда Жер фестивалі өтеді

7 Қараша 2019, 17:41
3413
Бөлісу:
2021 жылы Нұр-Сұлтанда Жер фестивалі өтеді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаһандық Жер фестивалі – экология, жасыл экономика және жаңаша ойлау саласындағы аса маңызды форумдардың бірі. 

Жер фестивалі өнер мен шығармашылықтың көмегімен әлеуметтік, экономикалық және ғылыми қайта өзгертуге бағытталған көркем жоба болып саналады. Мұндай беделді іс-шараға Қазақстанның өкілдері алғаш рет шақырылып отыр.

6-7 қараша аралығында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева бастаған, құрамында Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рамазан Жәмпейісов және Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының Стратегиялық даму департаментінің директоры Мәдина Жиенбаева қатысқан делегация Монако қаласында өткен форумға белсене қатысты.

photo5341580152804584522.jpg

Жер фестивалінің миссиясы – Жердегі экологияны жақсартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға көмектесетін жаңаша ойлау жүйесін қалыптастыру. Айта кету керек, Жер фестивалі мәртебелі князь Альберт II қамқорлығы аясында өтуде, ал оған бастама жасап, ұйымдастырған – танымал өнер қайраткері, суретші Мария Ребекка Баллестра.

Аталған іс-шараға Ұлттық ғылым және технология институтының профессоры – Cho Jaeweon (Корея), композитор, экология тақырыбындағы фильмдер мен фотоэкспозициялардың авторы, The Beatles тобын құрушының ұлы – Джулиан Леннон, "Жерді сүйе біл" кітабының авторы – Флафио Грегори және өзге де тұлғалар қатысты. Форумның серіктестері – БҰҰ, ЭЫДҰ, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы, Климаттың өзгеруі жөніндегі Еуропа-Жерорта теңізінің орталығы, Венецияның Ка Фоскари университеті, Мұхитты зерттеу музейі және Ұлттық географиялық қоғам.

Жер фестивалінің бас директоры Мария Ребекка Баллестра, өкілетті министр және Князь Альберт II қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бернар Фаутьер мен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаеваның кездесуі барысында 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Жер фестивалін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ынтамақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.

photo5341580152804584520.jpg

Қазақстандағы Жер фестивалі климаттың өзгеруі мәселелерін шешу, орнықты дамудан туындайтын мүмкіндіктер және экологиялық мәдениетті қалыптастыру тұрғысынан алғанда біздің еліміздегі ғана емес, бүкіл өңірлік ауқымдағы бірегей әрі инновациялық іс-шара болмақ.

Өзгелердің жаңалығы