Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Орталық алаңдағы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар «Батырлар, сіздерге мың алғыс» атты театрландырылған қойылымнан басталып, шерумен жалғасты. Бір топ ардагер Жеңіс саябағына дейін жаяу барып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.
1941-1945 жылдары болған екінші дүниежүзілік соғысқа астықты аймақтан 73 мыңнан артық адам аттанған. Олардың әрбір үшіншісі майдан даласында қаза тапқан, 15 мың жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мерекелік құттықтауында қостанайлықтардың Ұлы Отан Соғысына қалай атсалысқаны жөнінде айтып өтті.
«Жеңіс жақындатуға Тобыл-Торғай өңірінде құрылған 151-ші атқыштар бригадасының қосқан үлесі өлшеусіз. Курск доғасындағы шайқаста, Днепр үшін болған ұрыста, Балтық жағалауын азат етуде, Белоруссия майдандарында да жерлестеріміз үлкен табандылық көрсеткен. Қанды қырғындағы ерліктері үшін 30 мыңнан астам қостанайлық түрлі орден-марапаттарға ие болған. Оның ішінде 31 Кеңес Одағының Батыры, 9 «Даңқ» орденінің толық иелері бар. Тылдағы халықтың да еңбегі орасан. Соғыс жылдарында өңірдегі колхоз-совхоздар 43 млн пұт астық, 2 млн пұт ет, 245 мың пұт май, 189 мың пұт жүн, 7,5 мың жылқы жөнелткен. Қостанайлықтардың төккен тері еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалі қырық мыңнан астам жерлесімізге берілді. Мұның бәрі еліміздегі әртүрлі ұлттардың түсінісіп, бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі. 9 мамыр - бұл мереке ғана емес, ерлік пен еңбекті дәріптейтін қастерлі күн», - деді облыс әкімі.
Орталық алаңдағы театрландырылған қойылымды тамашалаған көпшілік соғыс жылдарындағы әндердің ырғағымен Жеңіс саябағын бетке алды. Шеруді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин және Қасымхан Алдабергенов, Михаил Подоляков, Александр Ахрамеев, Павел Доценко, Дмитрий Наприенко, Николай Барабанов және т.б. бір топ майдангер бастап жүрді. Көше бойындағы жұртшылық ардагерлерге қол соғып, қошемет көрсетті.
Шамамен 1,5 шақырым жерді жаяу жүріп өткен қарттар Жеңіс паркіндегі «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, майдандас достарын бір сәт еске алды. Мереке қарсаңында қойылған Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің иелерінің мүсіндеріне тағзым етті. Одан соң саябақ ішіне тігілген шатырға бас сұғып, солдат ботқасынан дәм татты.
Бүгінде, Жеңістің 74 жылдығын Қостанай облысында 117 майдангер қарсы алып отыр.
Мерекеге арналған іс-шаралар орталық алаңда және Жеңіс саябағында концерттік бағдарламалармен жалғасуда.