Жеңіс Сейдуллаұлы: «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды

1 Сәуір 2021, 11:55
2378
Бөлісу:
Жеңіс Сейдуллаұлы: «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Биыл «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына 60 жыл. Тәуелсіздік 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтойға байланысты ұйым басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы сұхбаттасқан едік.

Тілші: «Қазақконцерт» гастрольдік қызметпен белсенді айналысатын мемлекеттік концерттік ұйым ғой. Пандемия іс-сапарға шығуға қаншалықты кедергісін келтіріп жатыр?

Жеңіс Сейдуллаұлы: Иә, карантин кезінде көрермендеріміз үшін алдын ала дайындалған көптеген іс-шаралар өткізілмей, гастрольдік жоспарға едәуір өзгерістер енгізуге тура келді. Алайда мол тәжірибесі бар «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды. Ел өңірлері мен шетелдік сахналарда офлайн форматта өнер көрсетпесек те, онлайн және телевизиялық формат арқылы үлкен аудиторияны қамтыдық. Бұған «Карантиндегі жұлдыз» жобасы, «Қазақконцерт әлемі: бізге 60» мерейтойлық концерті, «Таланттар тарихын таспалаймыз» бенефис бағдарламалары, «Сәлем, Елорда!» республикалық онлайн-фестивалі өз үлесін қосты.

Жеңіс Сейдуллаұлы: «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды

Осы бағыттағы жұмыс Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Концерттік ұйымдардың республикалық гастрольдік орталығы» ашылғаннан бастап одан әрі ілгерілей түсті. Бұл да тәуелсіз еліміздің мәдениет саласындағы елеулі бастамалардың біріне айналды. Аталған орталық арқылы Қазақконцерт өңірлік концерттік ұйымдардың гастрольдік жұмысын бір арнаға біріктіре алды.

Алдағы уақытта еліміздегі эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келген кезде, гастрольдік сапарлар қайта жандана түседі деп сенемін. Ел аймақтарындағы көрермендерге ұсынар тың жобалар мен жаңа премьералар бар. Жақында Қазақконцерт құрамындағы «Астана мюзикл» театры сахналаған «ЕНТ тапсырмаймын», «COVID-19» атты жаңа туындылар карантиннен кейін өңірлерге жол тартпақ.

Тілші: Биыл қарашаңырақ «Қазақконцерт» ұжымына 60 жыл толып отыр екен. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы датаға байланысты қандай жоспарларыңыз бар?

Жеңіс Сейдуллаұлы: Өз көрерменіне әрқашан сапалы концерттік бағдарламаларды ұсынатын «Қазақконцерт» ұжымының жұртшылыққа ұсынар жаңалығы аз емес. Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойын Қазақконцерт бай тарихы мен тәжірибесі бар, кемелденген өнер ордасы ретінде қарсы алып жатыр. Музыкалық өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан Қазақконцерт Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығын өзінің 60 жылдық мерейтойымен ұштастырып, алдағы уақытта көрермен назарына онлайн және дәстүрлі форматтағы жаңа концерттік бағдарламаларды ұсынады. Қазақконцертте түрлі музыкалық бағыттарды дамытып жүрген өнер ұжымдары бар екені белгілі. Фольклор, классика, эстрада, мюзикл театры сынды бағыттардағы әрбір солист, әрбір өнер ұйымы Тәуелсіздік мерейтойы мен егемендіктің жетістіктерін насихаттауға өз үлесін қоспақ. Мысалы, Қазақконцерт құрамындағы Қазақ мемлекеттік симфония оркестрі Тәуелсіздіктің мерейтойына арнап «Қазақ симфониялық музыкасының жауһарлары/Шедевры казахской симфонической музыки» атты жаңа жоба әзірлеп жатыр. Әлемге танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваның жетекшілігімен өнер көрсететін оркестр бұл жоба арқылы кәсіби қазақ музыка мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан ұлы классиктердің еңбегін насихаттауды көздейді. Екі бөлімнен тұратын жинақтың алғашқы бөлігінде Брусиловскийдан бастау алған қазақ композиторларының симфониялық күй жанрындағы шығармалары таспаланса, екінші бөлігінде Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» кең ауқымды шығармасы мен Мыңжасар Маңғытаевтың «Құлагер» симфониялық поэмасы жазылмақ. Жобаның тағы бір ерекшілігі – музыкалық жинақ Apple Music, Spotify, Yandex Music стриминг-сервистерінде жарияланып, баршаға қолжетімді болады.

Сондай-ақ 2021 жыл айтулы даталарға толы екені баршамызға белгілі. Осы орайда «Қазақконцерт» ел мәдениеті мен тарихындағы елеулі мерейтойлық іс-шараларды назардан тыс қалдырмайды. Қазіргі уақытта Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына, жыр алыбы Жамбыл атамыздың 175 жылдығына, келер жылы атап өтілетін Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар кешені дайындалуда. Сәуір айында Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған ауқымды музыкалық челлендждің бастауды жоспарладық.

Тілші: «Қазақконцерт» дегенде Жамал Омарова, Роза Бағланова, Шара Жиенқұлова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек Елебеков сынды аңыз тұлғалар есімізге түседі. Бұл кісілердің есімін ұлықтау жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Жеңіс Сейдуллаұлы: Қазақ өнерінің қара шаңырағы «Қазақконцерт» ұйымының негізін қалаған бұл ұлы тұлғалардың есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған. Қазақ өнерінің қара шаңырағы «Қазақконцерттің» керегесін құрып, шаңырағын көтеріп, уығын тіккендер өз саласынан інжу-маржандай іріктелген, талантымен дара, көргенімен дана кіл мықтылар болатын. Жоғарыда атап өткен және өзге де атақты тұлғалар орындаған өнер туындылары қазіргі концерттердің бағдарламаларына қосылып жүр. Сондай-ақ Қазақконцерттің негізін қалап, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз зор қосқан тұлғалардың шығармашылығына арналған деректі фильм ұсыну жоспарда бар. Күні кеше ғана Роза Бағланованың өнерге сіңірген зор еңбегін ел жадында мәңгі сақтау үшін елорда көшелерінің біріне әнші есімінің берілуі бәрімізді қуантты.

Тілші: «Қазақконцерттің» тарихы Алматыдан басталады. Қазір елордаға қоныс аудардыңыздар, орталықтың астанада болуы қаншалықты тиімді?

Жеңіс Сейдуллаұлы:Алматы – қаншама өнер адамының жұлдызын жаққан, барлығымызды жылы құшағында баураған қала. Қазір де Алматыға деген албыртқан көңіліміз ерекше. Десек те, жоғары қарқынмен дамып келе жатқан елордамыздың да мәдени әлеуеті өте жоғары. Талай жас таланттар түлеп ұшқан Қазақ ұлттық өнер университеті, Нұр-Сұлтан қаласының филармониясы, Астана опера, Астана балет, жаңа зәулім ғимаратқа көшкен Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік драма театры, Жастар театры т.б. сынды өнер ұйымдары бой көтеріп, бас қаламыздың мәдениетін жандандыра түсті. 2016 жылдан бері Қазақконцерттің де елордада бағындырған белестері аз емес. Еліміздің бас әкімшілік ғимараты «Ақ Орданың» жанынан орын алған, сұлу сәулетті «Қазақстан» концерт залымыз бар. Нұр-Сұлтан қаласы да бүгінде жоғары өнердің, мәдениеттің қаласына айналды десек, артық айтқанымыз болмас.

Жеңіс Сейдуллаұлы: «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды

Тілші: Өзгеріс өнерге де қажет. Заман ағымынан қалмау керек. Бүгінгі жастардың сұранысына ие болу үшін Қазақконцерт қандай бағытта жұмыс істеуі керек?

Жеңіс Сейдуллаұлы: Сұрағыңыз өте орынды. Қазақконцерт алпыстың асуына келіп отырса да, осындай тың, қоғам арасында өзекті болып отыруы – жастардың сұранысын қанағаттандыруында, заманауи технологиялардың жетегіне ілесіп отыруында деп есептеймін. Біріншіден, біз ұжымда жұмыс істейтін жастардың көптігімен мақтанамыз. Өнерпаздарымыз – әншілер, театр ұжымы мен сахна сыртындағы мамандарымыздың тобы талантты жастардан құрылған. Соған сай, екінші артықшылық – көрермендеріміз, концерттеріміз бен қойылымдарды тамашалаушы қауым сан алуан. Әлеуметтік желілеріміз де қазіргі тренд пен талапты қазақы өнермен ұштастырып отыр. YouTube арнамыздан жанды дауыста концерт тамашалап, Instagram мен Telegram каналдарымыздан соңғы жаңалықтарды көрермен қауым кез-келген уақытта ала алады.

Тілші: Министрлік фонограммаға қатысты заң дайындады. Бұл заң жобасы туралы не айтасыз? Өнердегі тазалықты сақтауға осы заң жобасы үлес қоса ала ма?


Жеңіс Сейдуллаұлы: Иә, әрине, қоса алады. Өнер әрқашан таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқаны дұрыс. Жаңа заң фонограмманы шектеп, жанды дауыспен орындаушылардың бәсекелестігін арттырады. Бұл әлемдік тенденцияға сай жаңашылдық әрі қазіргі заманның талабы. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану жөнінде хабарлама беріледі. Әрине, концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың ықыласы да, құрметі де жоғары болады. «Қазақконцерт» ұйымы жоғары кәсіби мамандар шоғырланған еліміздің басты концерттік мекемесі болғандықтан, біз барлық концерттерімізді тек жанды дауыста өткіземіз. Өсіп келе жатқан жас таланттар шынайы музыканың қандай болатынын білу керек.

Тілші:Басшылық қызметте жүріп, жеке шығармашылығыңыз қалып қоймады ма?

Жеңіс Сейдуллаұлы:Шығармашылық, музыкалық өнер – бұл менің өмірлік жолым, тағдырым. Басшылық қызметте жүрсем де, өнерден алыстаған жоқпын. Қазір де өнердің нағыз қайнаған ортасы – қазақ музыкалық мәдениетінің қарашаңырағы Қазақконцертке жетекшілік етемін. Шығармашылығымды жас таланттардың өнерімен ұштастырып, олардың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосу арқылы өнер жолым жаңа бағытта дамуда.

Өзгелердің жаңалығы