Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек астанада Тәжікстанның мәдениет күндері аясында өткен жәрмеңкеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі, - деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ол кей адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты барлық тұрғынға сөз тигенін атап өтті.
Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады, - деді ол.
Еске сала кетсек, Астанада Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесі өткен болатын, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Тәжікстанның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесін аралап көрген болатын.