Астана қаласы әкімі өзінің батыл әрекетімен көпке үлгі болған Ақанмен кездескенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкім бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Ақан Әкімжановпен және оның ата-анасымен кездестім. Ақан өзінің жылдамдығымен және батылдығымен қайғылы жағдайдың алдын алды. 7-сынып оқушысы 4-қабатта ілініп тұрған кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалды, - деді қала мэрі.
Қасымбек Ақанның ата-анасына ержүрек ұл өсіріп, лайықты тәрбие бергені үшін алғысын білдірді.
Ақан оқуда да, спортта да жетістіктерге жетіп жүр. Мұғалімдері мен сыныптастары ол туралы адал дос, саналы және жауапкершілігі мол оқушы деген пікірде. Ақанға планшет пен бір миллион теңге сыйға берілді. Сондай-ақ болашақта колледжге немесе университетке түсу кезінде де көмек көрсетеміз, - деді елорда басшысы.
Бұған дейін елордадағы тұрғын үйлердің бірінде 4-қабаттың балконында құлай жаздаған 5 жасар баланы 7-сынып оқушысы құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.