Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. 9 мамыр мерекесіне орай Қарағандыда онлайн концерттер мен байқаулар, виртуалды көрмелер мен әлеуметтік желілерде челлендждер ұйымдастырылмақ. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Мәңгілік полк" шеруін төтенше жағдай режиміне байланысты биыл өткізбеу жайлы шешім шығарылған.
Жыл сайын 9 мамырда Жеңіс мерекесіне орай "Мәңгілік алау" мемориалдық кешенінде ЕКінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен қала тұрғындарының, облыс пен қала басшылығының қатысуымен митинг өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған қазақстандықтардың рухына тағзым етілетін. Биыл еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты митинг онлайн режимде "Saryarqa" телеарнасының тікелей эфирінен көрсетілетін болады.
Мереке күндері мәдениет мекемелерінде әртүрлі форматтағы онлайн іс-шаралар өткізу жоспарланған. "Теміржолшылар" Мәдениет үйінің әлеуметтік желідегі @dk_jeleznodorojnikov_sortirov парақшасында 7 мамыр күні балалар суреттеріне арналған онлайн-вернисаж өтеді. 9 мамырда "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" атты онлайн концерт беріледі. "Жаңа Майқұдық" Мәдениет үйінің инстаграмдағы @dom_kultury_nm. парақшасында 7 мамырда "Ұлы жеңіске 75 жыл" онлайн фотокөрмесі, 8 мамыр күні "Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы жеңіс" онлайн көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, 9 мамырда "Ер есімі – ел есінде" видеоконцертін өткізу жоспарланған, - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Оның айтуынша, елдегі төтенше жағдайға қарамастан қаланың мәдениет мекемелерінің қызметкерлері әлеуметтік желіде белсенді жұмыс жасауда. Мереке күндері қаланың мәдениет, өнер ордаларының ұйымдастыруымен 30-ға тарта онлайн-шара өтеді деп жоспарланған. Мәдени шаралар видеоконцерт, онлайн көрме, челлендж формасында өтетін болады.