Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында автонесие бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 4%-дық автонесие бағдарламасын тоқтату туралы шешімді неге кулуарда айтады? Неге арнайы брифинг өткізген жоқсыздар? Өйткені бұл шешім аяқ-асты қабылданған сияқты болды" деп сұрады БАҚ өкілдері вице-министрден.
(Бұл шешімді қабылдауға) біз министрмен бірге дайындалдық. Өткен аптада (бұл шешімді - ред.) жариялаймыз деп ойладық. Алайда елімізде болған соңғы жағдайлар осыған әсер етті. Министр мәлімдеме жасады, ендігі біздің міндетіміз жағдайды түсіндіру. Біз "ожидания" басқаша болғанын білеміз. Жыл басынан бері біз бағдарламаның талабы өзгеретінін түсіндік, - деді ведомство басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол шешім кулуарда қабылданды дегенді жоққа шығарды.
Сіздерге айтайын дегенім бүгін (журналистерді) шақырып, жағдайды түсіндіріп жатырмыз. Егер біз (ИИДМ) жұмысты істеп, ақшаға автобустарды сатып алып, (брифингке) шақырсақ, мұны кулуарда қабылданған, ешкіммен келіспеген шешім деп айтуға болар еді. Бәріңізді шақырып, осындай жоспарымыз бар деп мәлімдеме жасап жатырмыз, - деді Ілияс Оспанов.
Айта кетейік, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 4 пайыздық автонесие бағдарламасы тоқтатылуы мүмкін екенін айтты. Кейіннен 4%-дық автонесие бағдарламасының тоқтатылу себебі белгілі болды. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов елдің бәрі бірдей көлік сатып ала алмайды ғой деп ақталды. Бұдан бөлек елде автонесиелеуден басқа да қажеттіліктер бар екенін алға тартты.