Жемқорлық «жазасыздыққа» әкелмеуі тиіс – сарапшы

31 Шілде 2019, 09:13
5497
Бөлісу:
Жемқорлық «жазасыздыққа» әкелмеуі тиіс – сарапшы

«Жемқорлықты жеңгің келсе, достарың мен туыстарыңды темір торға жіберуге дайын бол»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Юдың сыбайлас жемқорлық туралы айтқан бұл сөзі осы саланың ұранына айналғандай. Кезінде ұлы Абай «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деген болатын. Адамзаттың «ауыр дертіне» айналған жемқорлықпен күресті Қазақстан әлдеқашан бастап кетті. 

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, Еңбек кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы, Қазақстан Респбуликасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі, негізгі нормативтік құқықтық актілері бар.

«2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның» мазмұны жемқорлықтың салдарымен күрес емес, себебін анықтап, алдын алуға бағытталған. Алғашқы нәтижелері көңіл көншітерлік.

Жемқорлық және парақорлық көрсеткішінің рейтингі бойынша Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 10 позицияға көтеріліп, 69 елдің ішінен 29-орынды иеленді.

«Қазақстанда мемлекеттік аппараттың қоғамға ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Барлық мемлекеттік қызметші баспасөз және қоғамның жіті назарында. Сыбайлас жемқорлық ашықтықтан қорқады. Электронды үкімет мемлекеттік мекемелердегі ұзақ кезектер мен бума қағаздарды жойды. Бүгінде азаматтар мемлекеттік қызметтің 70%-ын үйден немесе кеңседен шықпай-ақ онлайн алады. Бұл жемқорлықтың алдын алады, азаматтарға делдалсыз мемлекеттік қызмет алуға мүмкіндік береді. Ауқымды цифрландырудың арқасында мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық барынша азайған. Елімізде үшінші жыл қатарынан сыбайлас жемқорлық фактілері санының азайғанын байқаймыз. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан тәртіптік құқық бұзушылықтар саны да қысқаруда. Сондай-ақ, біздің жетістіктеріміз әлемдік рейтингтік агенттіктермен де мойындалуда. Мысалы, осы жылдың 29 мамырында Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан IMD менеджментін дамыту халықаралық институты әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингін жариялады. "Жемқорлық және парақорлық" көрсеткіші бойынша Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 10 позицияға көтеріліп, 69 елдің ішінен 29-орынды иеленді», - дейді Сыбайлас жемқорлық мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Қабылдин.

Әлем бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Сингапур, Қытай, АҚШ, Малайзия, Финляндия, Грузия мен Канаданың тәжірибесі кең таралған. Осылардың ішінде Қазақстан Грузия, Эстония, Канада сияқты жемқорлыққа қарсы күресте соңғы жылдары айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген елдердің тәжірибесін қолданады. 

«Біз қазір Грузияда жүргізілген жемқорлыққа қарсы саясатты біздің елдің жағдайларына сәйкес келетін саясат деп білеміз. Грузия тәжірибесі ауқымды цифрландыру мен жемқорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін көрсетті. Ал Қытайдағы жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан қатаң шаралардан жемқорлық айтарлықтай азаймауда», - дейді орталық маманы.

Ресейлік экономист және саясаткер Григорий Явлинский «Жемқорлық – көптеген елде ауру. Тіпті, барлық жерде бар ауру» деген болатын. Сонау заманнан жойылмай келе жатқанына қарап, жеңу мүмкін емес деп ойланып қаласың. Бірақ сарапшы бұл пікірмен келіспейді.

«Жемқорлық – емделетін ауру. «Жемқорлықты жеңу мүмкін емес» деген қате пікір – оның кеңінен жайылуына негізгі себептердің бірі. Жемқорлықты жеңуге болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, ең дұрысы – жемқорлықтың алдын алу. Қазір әлемде жемқорлықтан толық құтылған ел жоқ. Жемқорлық тәуекелдері әр елде әртүрлі деңгейде бар. Сыбайлас жемқорлықтың барынша минимум деңгейіне жеткізу үшін қоғамда парасаттылық мәдениетін кеңінен тарату керек. Парасаттылық пен адалдық кез келген шешім қабылдауда негізгі қағидалар болуы тиіс. Сонымен қатар, ашық жемқорлық қылмыстарын қатаң жазалау керек, жемқорлық «жазасыздыққа» әкелмеуі тиіс», - дейді сарапшы.

Тұрғындар арасында біз қауіпсіздігімізді сеніп тапсырған полицейлердің жұмысына "сенімсіздік" байқалады екен.

«Біздің орталықтың жемқорлық мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде жүргізген контент-талдауына сүйенсек полиция және әкімдік қызметкерлерінің жұмыстары халық арасында кең талқыланады. Жемқорлықтан құтылмауымыздың ең негізгі себебі жалпы қоғамда «жемқорлық» туралы дұрыс түсініктің болмауынан. Кей адам жемқорлық пен парақорлықты «шығынсыз қылмыс» деп ойлайтындықтан парақорлыққа барады», - деді сарапшы.

Парақорлық және жемқорлықпен күресу үшін бүгінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Құқықтық мәдениетті арттыру: жазадан превенцияға дейін» қағидатын ұстанып отыр. Қоғамда сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамауды қалыптастыру мақсатында Агенттік оның аумақтық департаменттерімен бірлесе отырып, әртүрлі мақсатты топтың арасында тұрақты негізде түсіндіру іс-шараларын жүргізеді.

«2018 жылдың 9 айында 47,7 мың ұйым, оның ішінде 580 шетелдік компания үшін 2 млн адамды қамтыған дәрістер өткізілді. Осындай ауқым еліміздің барлық ауданында жұмыс істейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтарды тарту есебінен қамтамасыз етілген. Осындай іс-шаралар барысында мобильдік топтардың атына 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама аясында 7,2 мың оқу орнында 86,5 мың оқушы мен студенттер үшін тиісті тақырыптарға бірыңғай сағаттар өткізілді. Осындай түсіндірулердің тиімділігі оқушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге белсенді түрде тарту болды», - делінген агенттіктің ресми парақшасындағы есепте.

Бұдан бөлек, парақор жұмысшыдан бастап, жемқор саясаткерлердің қылмысын апта сайын Агенттіктің баспасөз қызметі жариялап отыр. Яғни, саланың ашықтық қағидаты толық орындалып келеді. 

Сөз соңында Агенттік ұсынған еліміздегі 2017, 2018 жылдар мен 2019 жылдың үш айындағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің көрсеткішін ұсынамыз. Лауазымдық өкілеттігін пайдалану мен бюджет қаржысын жымқыруға қарағанда, көбіне парақорлық фактілерінің басым екенін аңғару қиын емес. Қайткенмен, ендігі кезек – халықта. Қарапайым халық пара беруден бас тартып, куә болған оқиғаны «аяусыз» хабарласа, сарапшы айтқан жемқорлықтың минимум деңгейіне жете аламыз.

ста.jpg

Агенттік деректері бойынша
Өзгелердің жаңалығы