Бұл туралы Amanat партиясының мүшесі Айдос Сарым КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан теледебатта мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан саяси пікірсайысқа қатысқан Асхат Рахымжанов қарсыласы – «Байтақ» жасылдар партиясы сұраған «Партияның нақты не істегендігі туралы» сауалды мемлекеттен ақша алатын парламенттік партияларға қою қажеттігін айтты. Тізгінді алған Айдос Сарым теледебатты әрі қарай жалғастырды.
Amanat партиясы – саяси бірлестіктердің арасындағы сайлауалды бағдарламасының орындалғаны туралы есеп берген жалғыз партия. Фракция Парламентте екі жыл ішінде 191 заңды қабылдауға қатысты. Олардың ішінде 55-і фракцияның бастамасымен қолға алынды. Біз жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық құжаттарға қосылдық, осы бөліктегі заңнаманы жаңарттық. Қазір заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару туралы заң жобасын әзірлеу үстіндеміз. Егер жемқорлық туралы айтар болсақ, ол көптеген мемлекетте бар және ол Қазақстанның «міні» немесе туындысы емес. Жыл сайын жемқорлық аясын қысқарту үшін күресеміз, - деп атап өтті Айдос Сарым.
Сонымен қатар ол партия өз уәдесін орындайды деп отыр.
Біз өз сайлаушылар алдамайтын партиямыз. Біз – сайлауалды бағдарламасына есеп берген жалғыз партиямыз. Біздің есебіміз интернетте де тұр. Ең бастысы – «Жаңа Қазақстанды» іске қосып, әділетті Қазақстанға қадам бастық, - деді партия мүшесі.