Жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға мүдделі мекемелер қатары артып келеді

31 Наурыз 2021, 09:39
1475
Бөлісу:
 Жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға мүдделі мекемелер қатары артып келеді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғындарға сапалы және бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету мақсатында былтыр Тараз қаласы мен барлық ауданда «Сервистік әкімдіктер» ашылған болатын. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету үшін Полиция департаменті мен сот органдары арқылы да осы тектес жұмыстар жүзеге асырылды.

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтып берді. Фронт офистер биыл мемлекеттік кірістер органдарында ашылыпты. 

Оның сөзінше, жалпы 110 мемлекеттік орган басшысы кеңселерін «Oрen space» форматына ауыстырған. Мәселен, Білім, Әлеуметтік бағдарламалар және Туризм басқармалары, Қазынашылық департаменті жаңашылдықты жатсынбай қабылдаған. Яғни қоғамда сыбайластыққа қарсы шараларды қабылдауға мүдделі мекемелер қатары артып келеді.

Мемлекеттік органдар бюджеттерінің ашықтығын қамтамасыз етудің тетігі ретінде құрылған ашық бюджеттердің интерактивтік картасына былтыр Жамбыл облысының 1 049 мемлекеттік органы мен оларға бағынысты мекемелердің өз бюджеттері туралы мәліметтерін 100% жариялады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі үдерісті реттейтін шаралар да қабылданып келеді. Өткен жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аталған құжаттың сақталуын қамтамасыз ететін комплаенс-қызметтерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелер айқындау көзделді, - дейді Равиль Қуанышбайұлы.

Осылайша, департаменттің ұсынысы негізінде өңірдегі 360 квазимемлекеттік сектор субъектісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жауапты тұлғалар бекітіліп, белгіленген. Сонымен қатар 140 квазимемлекеттік мекеме ұжымымен комплаенс қызметінің жұмысын жүргізу мәселелері бойынша офлайн және онлайн семинарлар өтіпті. Қашықтан ақпараттық-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында тікелей эфирде «Антикор лайф» және «Адал көмек» жобалары жүзеге асырылған.

Мысалы, бұл жобалар аясында 424 тікелей эфир ұйымдастырылып, 600-ге жуық спикер, яғни мемлекеттік орган басшылары, заңгерлер, мекеме директорлары, қоғам белсенділері, арнайы мониторингтік топ мүшелері сұхбат берді. Көрермендер қатары да көп болды, нақтылай айтсақ, 330 мыңнан асып кетті. Спикерлер мемлекеттік органдардың жұмысы, пандемия жағдайындағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, әлеуметтік төлемдер, аймақ бюджеттерінің ашықтық индексі, дәрі-дәрмек пен дәрілік заттарды сату, мектеп оқушыларын керек-жарақтарымен қамту туралы, заңгерлермен әртүрлі бағыттағы құқықтық кеңестер және басқа да өзекті тақырыптарды қозғады, - деп атап өтті департамент өкілі.

Ақпанның басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, «Парасат жолы» жобасын ұйымдастырып келе жатқаны белгілі. Республикалық деңгейдегі бұл жоба аясында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді. «Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған. Жоба басталғалы Жамбыл облысында да зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жалпы саны 70-ке жуық жиын өткен. Сонымен қатар бүгінде аймақтағы кітапханаларда 13 «Парасат жолы» орталығы ашылған.

Жауапты маман сөзінде сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау бойынша іс жүзінде тиімділігін дәлелдеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін зерделейтін мониторинг пен сыртқы талдау жүргізу механизмдері кеңінен қолданылып жатқанын да айтты. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп мемлекеттік сатып алу жүйесінде тым жоғары баға қою фактілерінің болуына мониторинг жүргізілуде. Мұның нәтижесінде енгізілген ұсыныстардың арқасында мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, бүгінге дейін 676 млн теңге бюджет қаражаты үнемделіпті.

Нақтылай айтатын болсам, Жамбыл облыстық Полиция департаменті бюджеттік жоспарлау барысында флеш-картаның бір данасын 235 714 теңге, жалпы сомасын 9,4 млн теңге деп көрсеткен. Ұсыныс енгізілген соң, бұл сан қайта қаралып, әлгі заттың бір данасы 2 357 теңгеге, жалпы сомасы 94 285 теңгеге түсірілді. Үнемделген қаражат – 9,3 млн теңге. Сол сияқты Шу ауданы әкімі аппараты да 1 дана компьютер бағасы 600 000 теңге деп жоспарлап, жалпы 12 млн теңге қойыпты. Бұл ұсыныс пен нарықтық баға негізінде қайта қаралып, 300 000 теңгеге түсірілді, 3 млн теңге үнемделді, - деді Төлебаев.

Сала мамандарының жер саласында жүргізген талдауымен Жамбыл және Байзақ аудандары қамтылып, онда да бірқатар жемқорлық әрекеті анықталған. Айталық, Жамбыл ауданы әкімі орынбасарының жер комиссиясының төрағасы ретінде шешім қабылдауына байланысты мүдделер қақтығысы орын алған. Бұл деректе мемлекеттік шенеунік заңнамада қарастырылған шараларды қабылдамаған. Жер комиссиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары өзінің туысқандарына – анасына, әйеліне, аға-інілеріне 1 366,5 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға көмектесіпті. Равиль Қуанышбайұлының айтуынша, бүгінде департамент қызметкерлерінің ұсынысы негізінде аудан әкімінің орынбасары жер саласына қатысты басшылық жасаудан және жер комиссиясы төрағалығынан шеттетілді.

Ал Байзақ ауданында жер конкурс арқылы арзан бағамен сатып алынып, әрі қарай 6-9 ай көлемінде өткерілген. Демек бастапқыдай жер телімі қандай да бір бизнес ашуға пайдаланылмаған, ал конкурсты ұтқан азаматтар нақты алыпсатарлықпен айналысқан. Мысалы, бір әйел конкурс арқылы 0,1 гектар жер телімін 296 800 теңгеге, 0,03 гектар жер телімін 151 000 теңгеге, 0,2 гектар жер телімін 726 000 теңгеге сатып алған. Іле-шала осы жер телімдері «Крыша» сайтында 10 есе бағамен сатылымға қойылып тұр, - деп атап өтті құзырлы мекеме өкілі.

Аталған ауданда бір азамат бөлінетін 1,5 гектар жерді аукцион арқылы сатып алып, 4 бөлікке бөліп, сатып жіберген деген дерек те бар. Демек Жер кодексінде тиісті шектеулердің жоқтығына байланысты аукцион арқылы жерді арзан бағаға сатып алып, әрі қарай қымбат бағаға сатып жіберуге мүмкіндік бар. Сол себептен тиісті органдарға жер туралы заңнамаға өзгеріс енгізу жайында ұсыныс беріліпті.

Төлебаев Жамбыл облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оған бағынысты басқарманың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілгенін де әңгімеледі. Бұл шараның нәтижесінде де бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелі бой көрсеткен. Атап айтқанда, ведомствоның еңбек демалысында болған бірнеше қызметкеріне эпидемияға қарсы шараларға тартылған деп жалған құжат толтырылып, толық үстемеақылар төленіп келген. Қазір заңсыз төленген 1 250 000 теңге көлеміндегі қаражат кері қайтарылуда.

Сондай-ақ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жауапты мамандары өздерінде тіркелген 2 автокөліктің 1 150 000 теңгені құрайтын жанар-жағармай шығындарын растай алмады. Бұл материал да экономикалық тергеу мекемесіне жолданды. Ал әкімшілік тәжірибесіне келетін болсақ, онда былтыр 955 әкімшілік іс қозғалған. Оның 81-і қысқартылса, 64-і жауаптылық құрамының болмауына байланысты қысқартылыпты. Ал бұл өз кезегінде жеке тұлғаларды заңсыз тарту немесе жауапкершіліктен алып тастау түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына ықпал етеді, - деді департамент басшысының орынбасары.

Спикердің айтуына қарағанда, сыбайластыққа қарсы күрес мамандары Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының қызметіндегі ахуалды да зерделеген. 2017-2020 жылдар аралығында ауылдық аймақтарға жұмыс істеуге жолданған медицина қызметкерлеріне басқарма тарапынан жалпы 252,8 млн теңге біржолғы материалдық көмек берілген. Заңнамаға сәйкес еңбек шарты 5 жыл мерзімнен бұрын бұзылған жағдайда бұл әлеуметтік қолдау кері қайтарылуы тиіс. Алайда талдау барысында материалдық көмек алған, бірақ жұмыстан босатылған 6 қызметкердің бюджетке 4,8 млн теңге қаражатын кері қайтарғандығын жауапты мамандар растай алмаған. Сондықтан аталған соманы қазынаға құю жөнінде ұсыныс берілді.

Равиль Қуанышбайұлы соңғы екі жылда басқарма ведомстволық бағынысты ұйымдармен жалпы сомасы 11 млрд 527 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алғанын алға тартты. Ал бұл мемлекеттік сатып алу тәсілімен жүзеге асырылған. Тендерлік комиссия құрамына тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ бейінді құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен мамандар енгізіліпті. Бұл да өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және сатып алу рәсімінің ашықтығының болмауына әкеледі. Өйткені басқарма басшылығы немесе комиссияның басқа да мүдделі мүшелері объективті шешім дайындауға және қабылдауға әсер етуі мүмкін.

Осыған орай, заңнамаға тендерлік комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы өз қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдерін қосу туралы ұсыныс қостық. Тағы айта кетерлігі, аталған басқарма медициналық жабдықтарды сатып алуды жүргізу кезінде олардың құның негізсіз көтеріп, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны анықталды. Нақты дерекке жүгінсек, былтырғы сәуірде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жеке кәсіпкерден құны 10 млн теңге тұратын SV300 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алған. Алайда сол тұста аталған жеке кәсіпкерден Талас аудандық орталық ауруханасы әлгі құрылғы 15,9 млн теңгеге сатып алады. Осы жайт та қажетті шешім қабылдауға негіз болды, - деді департамент өкілі.

Төлебаев қазір сала мамандарының өңірдегі Еңбек инспекциясы, Әлеуметтік бағдарламалар және Ветеринария басқармаларына талдау жұмыстарын бастағанын мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар да алдағы уақытта көпшілікке жарияланатын болады.

Өзгелердің жаңалығы