Желтоқсанның ашылмаған шындығы көп – оқиға куәгері

15 Желтоқсан 2022, 15:00
3804
Бөлісу:
Желтоқсанның ашылмаған шындығы көп – оқиға куәгері

Айтулы күн аясында Желтоқсан оқиғасының куәгері Айтжан Оразбақовпен әңгіме өрбіттік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміз Тәуелсіздікке оңай қол жеткізбеді. Оған ызғарлы Желтоқсанда империя бодандығына қарсы шыққан намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Биыл сол тәу еткен Тәуелсіздігімізге – 31 жыл болса, Желтоқсан оқиғасына – 36 жыл толып отыр. Осы тұста Желтоқсан оқиғасына қатысып, куәгер болған Қызылорда қаласының тұрғыны, тарих ғылымдарының доценті Айтжан Оразбақовпен әңгімелесіп көрдік.

- Айтжан Жұмабайұлы, желтоқсанның он алтыншы жұлдызын біреулер мереке деп тойласа, енді бірі қаралы күн деп қан жұтады. Сіз бұл күнді қалай қарсы аласыз?

- Жастардың алаңға шығып, өз ойларын білдірген күні әрдайым есте. Сондықтан  бұл күнді еске алу күні деп айтар едім.

- Желтоқсанның сол ызғарлы күнін елестетудің өзі қорқынышты.  Оқиғаның бел  ортасында болған жан ретінде осы уақытты суреттеп берсеңіз. 

- Студенттік кезде барлық студент қосымша жұмыс атқаратын. Менде №125 мектепте қарауыл болып жұмыс істейтінмін. Таңертең жұмыстан келсем, жанымдағы жігіт «естідің бе, Дінмұхаммед Қонаевты алып тастапты ғой» - деді. Көтерілістің басталуына Мәскеудің республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің І хатшысы Г.В. Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің І хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Түскі уақытта сабаққа барсам, аудитория бос. Студенттердің барлығы Л.И.Брежнев атындағы алаңға кетіпті. Ол уақытта партия мүшесімін, партком хатшысымын. Студенттердің тәртібіне жауапты тұлғалардың бірі едім. Ұстаздарым алаңға барып, үкіметке қарсы бас көтерген оқу орнының студенттері болса, қайтарайық деп ертіп шықты. Алаңға қарай жақындай бергенде барлық жер қоршауға алынғанын байқадық. Алаңда жастар топ-топ болып жиылған, орталарынан лидерлері шығып, өз пікірлерін кезек-кезек айтып жатыр. Үкімет басшылары трибунаға шығып халыққа басу айту үстінде. Негізі бұл оқиғаны М.С.Горбачев заманының қорытындысы деуге болады, себебі сол уақытта адамдар еркін сөйлеп, саясатқа өз пікірін айта алатын кез болды. Мен үшін бұл оқиға – жастардың ойын, пікірін білдіргісі келген үлкен оқиға болды.

- «Метель» операциясы  туралы не айтар едіңіз?

- Алматы қаласындағы «Динамо» стадионы жанынан өткенде, алдарында шиттері бар, қолдарында дубинкалары бар сарбаздардың дайындалып жатқанын көретінбіз. Алаңда жастар үкімет үйіне қарай барамыз дегенде, жолды бөгеп тұрған қызыл шенді сарбаздар болды. Үкіметке қарсы ой-пікірін білдірген жастарды көлікке тиеп әкетіп жатты. Реті келгенде сол уақытта министрлікте болған қазақ генералымен әңгімелескен едім. «Сол уақытта Князев қару асынған әскерді шығар деп бұйрық берді. Оған жазбаша бұйрық беріңіз деп едім, қайта мені бұйрықты орындамағаным үшін деп қызметтен алып тастады»,- дейді. Осыдан-ақ, оқиғаның қаншалықты ауқымды, күрделі болғанын көре аламыз. Оқиға болған түні сарбаздар алаңға шыққан студенттерден жеке-жеке жауап алды. Тіпті, алаңнан түсірілген фотолар арқылы студенттерді іздеуге тырысты. Ал жатақханадағы жігіттерді военный кафедраға қамап, барынша мойындатуға тырысты.

- Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Желтоқсан шыңдығы туралы жұрт біле бермейтін қандай құпия бар деп ойлайсыз?

- Желтоқсан оқиғасында қанша адамның қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты емес. Ресми деректерде қайтыс болған төрт адамның ғана аты айтылса, бейресми дереккөздер марқұм болғандар санының бұдан әлдеқайда көп екенін мәлімдеп келеді. Көтеріліске қатысқан жастарымыздың енді ғана ақталып жатқаны оған дәлел. Елім, жерім деп бас көтеріп, қайсарлық танытқан ержүрек жастарымыздың, қаракөз қарындастарымыздың біршамасы сол уақытта оқудан шығып қалды. Өзімде осы оқиғағаның бел ортасында болғаным үшін қатаң ескерту алғанмын. Сондықтан желтоқсан оқиғасының әлі де ашылмаған шындығы көп.

Желтоқсанның ашылмаған шындығы көп – оқиға куәгері
Өзгелердің жаңалығы