Көкшетауда тұрғын үйдің желдету жүйесінде шыққан өрт дер кезінде сөндірілді. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға қаладағы кафелердің бірінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өрт туралы хабарлама түскен бойда оқиға орнына жоғары дәрежелі шақырту бойынша құтқарушылар жедел жетті. Барлау барысында 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетінде орналасқан желдету жүйесінде өрт шыққаны анықталды.
Өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метрді құрады. ТЖМ күштері тілсіз жауды толықтай сөндіріп, оның одан әрі таралуына жол бермеді. Абырой болғанда, зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына желдету жүйесінде жиналған май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы себеп болған.
Мамандар қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне желдету жүйелерін жүйелі түрде тазалап, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.