Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Баламалы қуат көзін өндіруге бағытталған жоба құны 800 млн теңге. Бұл станция Түпқараған ауданына қарайтын Ақшұқыр ауылын басы бүтін, сондай-ақ елді мекенге іргелес қонған өндіріс орындарын да электр қуатын жабдықтауға қауқарлы.
Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің станцияны іске қосу барысында өткізген көшпелі жиынында облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов мәлімдеді.
«Бұл кешеннің жалпы қуаты 5 МВт құрайды. Жоба құрылысы барысында 11 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта тағы 20-дан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. BEST-Group NS компаниясы станцияны салу жұмыстарын 2017 жылдың күзінде бастады. Монтаж-құрылыс жұмыстарын отандық мамандар жасап, зауыттың турбиналары халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификатталған», - деді ол.
Осы жобаның даму жөніндегі директоры Гүлнар Әбітованың айтуынша, осы мақсатта аймақ әкімдігі Түпқараған ауданынан жер телімін берген. Сондай-ақ мердігер серіктестік «Даму» кәсіпкерлік қаржылай қолдау қорының кепілдігімен субсидияланатын мөлшерлемемен банктен несие де алды.
Бұл жобаны негізінен шетелдік компаниялар инвестициялауда. Атап айтсақ, Lone Star Renewable Energy Corp (АҚШ) және «Энерготехсервис» ЖШС (Ресей) секілді американдық және ресейлік компаниялар серіктестер, әрі инвесторлар болып табылады.
«Жобаны іске асырудағы басты мақсатымыз - жел электр станцияларын пайдалану арқылы негізгі энергия көздерін ауыстыру, Қазақстандағы парниктік газ қалдықтарын азайту, сол арқылы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына сәйкес жұмыс жасау. Енді бір айдан соң біз өз өнімдерімізді сата бастаймыз. Өнімді сатып алушылар «Есептеу және қаржы орталығы» серіктестігі болмақ. Германия елінде жасалған қондырғылардың арқасында станция, жел қуатын пайдалану арқылы электр энергиясын өндіріп, оған қажеттілікті толық өтейтін болады. Ақшұқыр ауылының тұрғындарына сондай-ақ ауыл маңындағы өндіріс ошақтарымен жылыжайларға электр қуаты тапшылығын жояды», - деді Гүлнар Әбітова.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында бірнеше жоба сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтар болса, былтыр мамыр айында Мұнайлы ауданының Батыр ауылында жалпы қуаты 2 мВттық күн электр станциясы іске қосылды.
Бұдан бөлек, Түпқараған ауданының орталығы болып табылатын Форт-Шевченко қаласында екі бірдей жоба іске аспақ. Маусым айында пайдалануға берілетін 42 мВткүн электр станциясы мен жыл соңында іске қосылуы тиіс 43 мВттық жел электр станциясының құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар қазіргі таңда еліміздің энергетика министрлігімен үш жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жасақталып жатыр.
«Олар Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында және Қарақия ауданының Жетібай ауылында, сонымен қатар Маңғыстау ауданының Шетпе елді мекенінде қуаты 10 және 15 мВт болатын жел және күн электр станциясын салу жұмыстарының жоспары дайындалуда», - деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов.
Айта кетейік, қазақ елі үшін «Жасыл экономиканы» дамытудың басымдықтарының бірі – жаңартылатын энергия көздері.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2020 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің 3%-ын, сондай-ақ 2050 жылға қарай 50%-ын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінде осы бағытта республика бойынша кешенді жұмыстары жүріп жатыр.