Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибигүл Жексенбай «Парламент ашықтығы туралы декларацияның негізгі ұстанымдарына сәйкес парламент ашықтығын нығайту арқылы Қазақстан Республикасы Парламентінің рөлі мен әлеуетін арттыру» тақырыбы бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шараны Парламентаризмді дамыту қоры және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырды.
Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатының басым бағыттарының бірі - биліктің барлық тармақтары мен қоғам арасындағы диалогты дамыту, азаматтардың мемлекет басқаруына барынша қатысуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы, біздің қоғамды толғандыратын негізгі проблемалар өркениетті азаматтық диалог аясында Парламентте талқыланып, өз шешімін табуы тиіс екендігіне үнемі назар аударып келеді. Қазіргі кезеңде инклюзивтілікті арттыру, заң шығарушы органда әртүрлі саяси күштер мен әлеуметтік топтардың өкілдігін кеңейту, қоғамға ашықтық және транспаренттілік депутаттық корпус жұмысындағы маңызды қағидаттар болып табылады. Парламент Сенатының жанындағы әр бағыттағы кеңестер мен депутаттық топтардың қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтармен бірлесе жүргізіліп келе жатқан жұмыстар ауқымы көп, - деп атап өтті сенатор Бибигүл Жексенбай.
Дөңгелек үстелге қатысушылар деректердің ашықтығы мен азаматтардың қатысуының маңыздылығын талқылады. Сондай-ақ халықаралық озық тәжірибелерді қарастырды және Парламент ашықтығы туралы декларацияның қағидаттарын жергілікті ахуалға бейімдеуге қатысты ұсыныстар енгізді. Парламент ашықтығын одан әрі нығайтуға негіз болатын жол картасын әзірлеу тәсілдерін келісу – негізгі қорытындының бірі болды.
Сонымен қатар азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты өзара іс-қимыл тетіктері, коммуникация мен сенім деңгейін арттыруға бағытталған шаралар белгіленді. Бұл шара қазақстандықтардың мүддесіне бағытталған ашық және айқын Парламент қалыптастыру жолындағы маңызды қадамға айналды. Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Парламентаризм институтының басшылығы, ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі және басқа да ұйымдар қатысты.