Жекеменшік зертханалар мыңдаған заңсыз зерттеу жүргізген

19 Наурыз 2024, 18:40
361
Бөлісу:
Жекеменшік зертханалар мыңдаған заңсыз зерттеу жүргізген
Фото: BAQ.KZ -архив

Павлодар қаласының прокурорлары ветеринариялық-санитариялық зертханалардың жұмысын тексеріп, өрескел бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Прокурорлық тексеріс жұмыстары облыс орталығындағы жекеменшік зертханаларда жүргізілді. Нәтижесінде қадағалау органдарының өкілдері зерттеу барысында жарамсыз аспаптарды пайдалану деректерін анықтады. Заң бойынша құралдар алдын ала тексеруден өтуі шарт. Мамандар ет мен сүт өнімдерін заңсыз зерттеген болып шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сегіз мың заңсыз зерттеу белгіленді.

Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Ержан Досымжановтың хабарлауынша, зертхана мамандары ветеринарлық заңнаманың қарапайым талаптарын да орындамаған.

Жекеменшік зертхана өкілдері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша ветеринариялық ережелерді, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді сақтамағаны үшін және тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Заңды тұлғаларға шамамен 1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазіргі уақытта зертханаларлы лицензиясын уақытша тоқтата тұру мәселесі де қарастырылып жатыр, - дейді Ержан Досымжанов.

Сала мамандарының айтуынша, зертханадағы мөлшерөлшегіш бір жыл бойы сәйкес тексеруден өтпей пайдаланылып келген. Бұл аспаптың көмегімен ет және сүт өнімдерінің радиациялық фоны анықталады. Тексеруден өтпеген құралдар зерттеу барысында олқылықтарға жол беріп, қате нәтиже көрсетуі мүмкін. Нақтырақ айтқанда, дұрыс тексерілмеген өнімдер сауда нүктелеріне жеткізіліп, тұтынушыларға жол тартуы мүмкін.

Айта кетейік, зертханаларда бір жыл ішінде ет пен сүттің сегіз мың сынамасы тексеруден өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы