Еліміздегі жекеменшік мектептердің жағдайы қалай?

22 Сәуір 2020, 18:16
2877
Бөлісу:
Еліміздегі жекеменшік мектептердің жағдайы қалай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жекеменшік мектептер жайында онлайн конференция өтті. Іс-шараға Алматы, Шымкент қалаларындағы жекеменшік мектептердің құрылтайшылары қатысты.

Біздің мектеп ауылдық жерде орналасқан. Ауылдық жерде болғаннан кейін қиындығы мен қатар жақсы жағы да бар, өйткені қазіргі таңда 478 баламызды мектеппен қамтып отырмыз. Оның ішінде 113 баламыз мектепалды даярлық тобында жүр. Ең алдымен жан басына шаққан қаржыны алып отырғанымызға, осындай бағдарлама енгізген министрлікке алғыс айтамын. Сол берген қаржы екінші мектеп құрылысын бастауға септігін тигізуде. Одан бөлек 6%-дық несие алдық. Енді қазіргі таңда барлық жұмыстар рет-ретімен жасалып жатыр. 1 қыркүйекке дейін барлығы дұрыс болады деген сенімдеміз, - деді Алматы облысындағы "Дана" жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Күләнда Батырбекова.

Сонымен қатар, ол мектепте мәселе бар екендігін айтты. 
Біз де бір ғана мәселеміз бар. Ол кадр мәселесі. Қазіргі күні біздің жекеменшік мектептерге оқу бітірген студенттер тәжірибеден өтуге келе алмайды. Сол жағы шешілсе нұр үстіне нұр болар еді, - деді спикер. 
Брифингке қатысушы жан басына шаққан қаржыны көбейту мәселесін айтып кетті.
Мамыр айында жан басына шаққан қаржыны көбейтсе, біз міндетті түрде ұстаздардың жалақысын көтерер едік. Қазіргі таңда өз тарапымыздан балаларға да мұғалімдерге де барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Бүгінде 500-600 орынды мектеп салуға дайынбыз. Бірақ осындай мектептерді нақты қай жерде және қандай бағдарлама бойынша салынатынын білсек, сол арқылы біз нақты шешім қабылдай алар едік, - деді ол. 
Брифинг барысында Шымкент қаласындағы "Жас-Дарын" бастауыш мектебінің директоры Айман Бердімбетова да 11 жылдық мектеп салуды мақсат етіп отырғандығын атап өтті. 
Біз 2019 жылдың төртінші тоқсанында ашылдық. Қазір 298 орынға 340 бала қабылдап, білім берудеміз. Біздің мектепте оқушылар мемлекеттік білімді тегін алады. Екі ауысымда оқиды. Уақыты жұмысбасты ата-аналарға ыңғайластырылған. Үйірмелер мен қосымша сабақтар да көп. Ата-ананың қолы тимей жатса, кешке дейін қалдырып кетуге мүмкіншіліктері бар. Біз 2021 жылдың басында 11 жылдық мектеп салсақ деп жоспарлап отырмыз, - деді мектеп директоры. 

Сонымен қатар, мектеп директоры өзін толғандырған мәселемен бөлісті.
Мектебіміздегі бір мәселе – ол 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін мемлекеттік мектептер сияқты кітаппен толыққанды қамтамасыз етілсек екен деп ойлаймын. Кітаптың аздығынан кейбір оқушылар бірігіп оқып жатыр. Сондықтан осы мәселені қарастырсаңыздар. Жан басына қаржыландыруды мектеп ашылған уақыттан бастап алдық. Шымкентте үшауысымды мектептер көбейген. Сондықтан да балаларға жақсы білім, тәрбие беру үшін мектеп ашуға дайынбыз, - деді  Айман Бердімбетова.

Өзгелердің жаңалығы