Редакциямызға оқырманнан келген хаттар бойынша Астана қаласындағы бірқатар жекеменшік мектептердегі оқу ақысы 2026 жылдан 30-40 пайызға дейін қымбаттап жатқаны белгілі болды. Оның себебі неде және Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептердегі оқу ақысының өсу динамикасын бақылай ма? BAQ тілшісі министрлікке ресми сауал жолдап, жауап алды.
Оқу ақысының өсуі неге байланысты?
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше 2026 жылғы 12 қаңтардағы ақпарат бойынша Қазақстанда 890 жекеменшік мектеп бар. Онда 331 852 оқушы тіркелген.
Министрлік мәліметінше, жекеменшік мектептердегі оқу ақысы нарықтық негізде, әр мектептің білім беру бағдарламасы, инфрақұрылымы, кадрлық құрамы және көрсететін қызметтер пакеті бойынша дербес белгіленеді.
Оқу ақысының бірыңғай бағасы жоқ, ол өңірлер мен мектептердің форматына қарай айтарлықтай өзгереді. Оқу ақысының өсуі көбіне мектептің шығын құрылымына, яғни жалдау, құрылыс, еңбекақы, коммуналдық шығын, оқу-әдістемелік база, қауіпсіздік, инфляциялық факторларға байланысты, - делінген министрлік жауабында.
2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырысты орналастырудың жаңа тетігі бойынша пилот іске қосылып, бұл бағыттағы цифрлық шешімдер E-Qazyna.kz платформасында жүзеге асты.
Нәтижесінде жекеменшік мектептерде құжат жүзінде ғана тіркелген оқушылар, жалған мұғалімдер және қосарланған қаржыландыру фактілері сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Осы орайда, біз министрліктен бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ететін цифрландырудың енуі жекеменшік мектептердің оқу ақысының көтерілуіне себеп болуы мүмкін бе екенін сұрадық.
Мемлекеттік тапсырыс, яғни жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша процестерді цифрландыру, ең алдымен бюджет қаражатының ашықтығын арттыру, қосарланған есепке алу сияқты бұрмалаушылықтардың алдын алу үшін енгізілуде. Сондықтан оқу ақысының өсуін тікелей цифрландырудың салдары деп қарастыру дұрыс емес, цифрландыру мемлекеттік қаржыландырудың әділдігі мен бақылауын күшейтеді, - деп жауап берді министрлік.
Айта кетейік, мемлекеттік қаржы жекеменшік мектептің мәртебесіне емес, оның лицензиясының болуы, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын орындауы, қауіпсіздік және санитариялық талаптарға сәйкестігі, мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары бойынша іріктеуден өтуі, және деректердің ақпараттық жүйелер арқылы расталуы сияқты талаптарға сәйкестігіне байланысты бөлінеді.
Бір оқушыға шаққандағы қаржыландыру көлемі өңірлер бойынша және қаржыландыру шарттарына қарай өзгереді: оны жергілікті атқарушы органдар (білім басқармалары) мемлекеттік тапсырысты орналастыру және шарт жасасу шеңберінде бекітеді. Жаңа тетікте төлемдер мен актілер E-Qazyna.kz арқылы қабылданады, ал ұйымдастыру-әдістемелік сүйемелдеуді пилот операторы («Қаржы орталығы» АҚ) жүзеге асырады, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Министрлік Қазақстандағы жекеменшік мектептерді қалай қадағалайды?
ҚР Оқу-ағарту министрлігі қадағалау бірнеше арна арқылы іске асатынын мәлімдеді.
Лицензиялау және лицензиялық талаптардың сақталуы, мемлекеттік аттестаттау, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде профилактикалық бақылау және тексерулер, Ұлттық білім беру дерекқоры және өзге ақпараттық жүйелер арқылы оқушы контингентін, кадрлық құрамды, жүктеме сәйкестігін мониторингтеу, егер мектеп мемлекеттік тапсырыс алса, мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі дәлелді жұмсалуына қосымша бақылау жүргізіледі, - делінген министрлік жауабында.
Министрліктің ұстанымы: жекеменшік сектор – білім беру инфрақұрылымын кеңейтудің және сапалы білімге қолжетімділікті арттырудың бір бөлігі, бірақ ол міндетті түрде білім сапасының стандарттарын, қауіпсіздік талаптарын, академиялық адалдық және деректердің дұрыстығын, мемлекеттік қаржы алатын жағдайда қаржылық ашықтық пен есептілікті қатаң сақтауы тиіс.
Қазіргі уақытта жаңа тетікте оқушы контингенті мен рұқсат құжаттары автоматты түрде тексерілетін, білім беру жүйелерімен біріктірілетін цифрлық бақылау енгізіліп жатыр.
Егер жобалық қуаттан бірнеше есе артық көрсетілім, мемлекеттік қаржыны негізсіз алу, алаяқтық, қызметтік жалғандық, құжаттарды қолдан жасау сияқты құқықбұзушылық белгілерін қамтыса, мұндай фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, процессуалдық шешім сол органдардың құзыретінде қабылданады, - деді министрлік.
Айта кетейік, жекеменшік мектептерге лицензия беру кезінде өтініш беруші ұсынған құжаттар мен нысанның талаптарға сәйкестігі бағаланады. Алайда кейін анықталған “нысан мақсатының сәйкес еместігі” фактілері құжаттардың жалған ұсынылуы, нысанның мақсатын кейін өзгерту немесе деректердің әртүрлі мемлекеттік тіркелімдерде дәл келмеуі сияқты тәуекелдерден туындауы мүмкін. Осындай фактілер анықталған жағдайда лицензиялау материалдары қайта қаралып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Елімізде жаңа жекеменшік мектептерге енді бюджет ақшасы берілмейтін болды.