Елімізде жаңадан енгізілген Цифрлық кодексте жеке деректерді жоюдың мерзімі мен тәртібі нақты бекітілді. Енді сервистердің иелері пайдаланушының өтінішінен кейін 15 күннің ішінде ақпаратты жоюға немесе өңдеуді тоқтатуға міндетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның мәлімдеуінше, бұл талап заңда деректерді міндетті түрде сақтау көзделмеген жағдайларда қолданылады.
Оның айтуынша, негізгі айырмашылық – сервис иесінің деректерді заң бойынша сақтау міндетінің бар-жоғына байланысты. Мәселен, банк саласында жеке деректер 5-10 жыл бойы міндетті түрде сақталуы тиіс. Бұл ықтимал сот даулары мен операциялық қажеттіліктер үшін қажет. Мұндай жағдайда азаматтың талабы бойынша деректер жойылмайды, бірақ оларды пайдалану тоқтатылуы мүмкін.
Егер деректерді сақтау бойынша міндеттеме болса, субъект оларды жоя алмайды, алайда өңдеуді тоқтатуға міндетті, – деп түсіндірді депутат Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ал деректерді сақтауға қатысты құқықтық талаптар болмаса, азамат өз мәліметтерін толықтай жоюды талап етуге құқылы. Бұл, мысалы, адам әлдеқашан пайдалануды тоқтатқан сервис оның жеке деректерін әлі де жарнама немесе қоңыраулар үшін қолданып отырған жағдайларға қатысты.
Айта кетерлігі, Цифрлық кодекске сәйкес, пайдаланушы жүгінгеннен кейін сервистердің иелері 15 күн ішінде деректерді жоюға, анонимизациялауға немесе өңдеуді тоқтатуға міндетті. Егер бұл талап орындалмаса немесе ақпарат қайта пайдаланылса, азамат сотқа, сондай-ақ уәкілетті органдарға жүгінуіне болады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалатыны туралы жаздық.