Алматыдағы «Ұлытау» тұрғын үй кешенінде куәгерлердің айтуынша, әйел жедел жәрдем келгенге дейін босануға мәжбүр болған. Тұрғындардың сөзінше, медицина қызметкерлерінің көлігі аулада ретсіз қойылған көліктердің кесірінен шақырту орнына дер кезінде жете алмаған.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай тұрақты автотұрақ тапшылығының салдары. Олар құрылыс компаниясы жеткілікті тұрақ орындарын қарастырмағанын, ал аудандағы құрылыс жұмыстарының жалғасуы мәселені одан әрі ушықтырғанын айтады. Соның салдарынан жедел жәрдем ғана емес, өзге де шұғыл қызмет көліктерінің жүруі қиындаған.
Біз пәтерлерімізді ипотекаға сатып алдық. Алайда күн сайын автотұрақ тапшылығымен бетпе-бет келеміз. Осындай жағдай қайғылы оқиғаларға ұласпай тұрғанда, қала әкімдігі мен жауапты органдардан бұл мәселеге назар аударуды сұраймыз, – делінген тұрғындардың үндеуінде.
Тұрғындар әкімдік пен тиісті қызметтер автотұрақ мәселесін шешіп, жедел қызмет көліктерінің кедергісіз жүруіне жағдай жасайды деген үміттерін жасырмады.