Жазушылар жаңа әліпбиді қолдады

11 Наурыз 2020, 20:56
1312
Бөлісу:
Жазушылар жаңа әліпбиді қолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіру бойынша тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында жазушылар мен ғалымдар арасында әліпби талқыдан өтті. 

Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Әшімбаевтың тәуелсіз сарапшылармен өткен кездесудегі ұсыныстары қаралды. Шынымен шығармашылық орта дыбыс таңбалауын жүрекпен сезінеді екен. Кейбір таңбалардың таза ұлттық мән мағынасын анықтайтын тұстарына тоқталды. Жазушылар жазу мәніне терең түсіністікпен қарап, үлкен мән берді.

 Іс-шараға Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, Қаржаубай Сартқожа, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреты, жазушы Қуаныш Жиенбай, жазушы Құныпия Алпысбай әліпбидегі кейбір таңба төңрегінде ойларын ортаға салды.

"Ң" дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Мысалы: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke. Фонетикалық негізі Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді. Ал әдістемелік негізі дегенде ол Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ, кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң графикасына ұқсас болғандықтан оған тез дағдыланады, - деді Жазушыларға қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын таныстырған "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова.
Ал Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов әліпбиді жан-жақты талқылап, фонетик ғалымдардың негіздемелері негізінде жасау бүгінгі күннің басты талабы екенін айтты.
Талқылаудың Жазушылар одағы ғимаратында өтуі де маңызды. Әліпби - бұл ел ертеңі. Оны жан-жақты талқылап, фонетик ғалымдардың негіздемелері негізінде жасау бүгінгі күннің басты талабы. Жазушылар үйі рухани өміріміздің қайнаған ордасы. Бұл жерде рухани шешімдерге жетуге болады. Мына тарихи суреттердің өзі де сөйлеп тұр. Алаш қайраткерлері де осындай ортада Алаш тағдырын шешкен. Әліпбиге маңыздылық беріп, жеті рет өлшеп бір рет шешілетін іс. Қазақтың әр қаріпінің астарында ұлттық болымыс, қазақты қазақ етіп тұрған қасиеті тұр. Сондықтан да біз әліпби жасауда әр қаріпке дейін жіті көңіл бөліп, алдыларыңызға келіп талқылап отырмыз, - деп ойын түйіндеді ол.
Халықаралық Шыңғыс хан академиясының академигі, филология ғылымының докторы, жазушы Каржаубай Сартқожаның айтуынша, қазақ тілі қыпшақ тілдер тобына жатады.
Біздің қазақ тілі де қыпшақ тілдер тобына жатады. Демек, түрік бабаларымыз біздің байырғы тілімізде сөйлеп, сол тілмен империясын басқарып, сол тілмен әлем өркениетіне өз үлесін қоса білді. Ал жаңа әліпби біздің халықтың қажетіне, көптің кәдесіне жарайтындай болғаны абзал. Біз осы жобаны қолдаймыз. Әсіресе, мына Ң таңбасының Ŋ таңбалануы қуантады, - деді жазушы.

Іс-шараға қатысқан жазушылар мен ғалымдар жаңа әліпбиге қолдау көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы