Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау мекемесінде әкімшілік жазасын өтеп жатқан үш адам көз жұмды. Жергілікті Kokshetau.asia басылымның мәліметінше, мекемеден уланудың белгілері бар алты адам ауруханаға жеткізілген.
Ақмола облыстық полициясының мәліметінше, 28 мамырға қараған түні әкімшілік жазасын өтеп, бір камерада жатқан алты көкшетаулық азамат ауруханаға жеткізілген. Олардың бесеуі жол ережесін бұзғаны үшін, біреуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін қамауға алынған.
Қазіргі таңда үш адам қайтыс болып, тағы үш адам ауруханада жатыр. Қазір сот-медициналық сараптама қорытындысын күтіп отырмыз, - деді баспасөз қызметі БАҚ-қа.
Қылмыстық іс "Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бабы бойынша қозғалған.
Ақпарат құралының жазуынша, "таңертең барлығының сіңірі тартылып, қатты уланудың белгілері болған". Алғаш болып 41 және 32 жастағы азамат қайтыс болған. Үшінші адам 35 жаста болған.
Жансақтау бөлімінде екі адам жатыр. Жағдайлары ауыр. Қажетті ем-дом жасалып жатыр. Барлығының белгілері бір-бірінікіне ұқсас. Неден қайтыс болғанын сот-медициналық сараптама көрсетеді, - дейді Көкшетау қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ермек Қисаев.
Ресми мәлімет бойынша, Ақмола облысында COVID-19 ауруына 166 адам шалдыққан. 113 адам жазылып, төрт адам көз жұмған.