Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істе жаңа деректер белгілі болды.
Қайтыс болған бойжеткеннің ағасы Сұлтан Серікбай «Жетінші арнаға» берген сұхбатында күдіктінің қазіргі уақытта Талғардағы мамандандырылған мекемеде екенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, іс бойынша бірнеше сараптама жүргізілген. Алдымен Шымкентте, содан кейін Алматыда. Алайда зардап шеккен тарап Нұрайға шабуыл жасаған ер адамның есі дұрыс болғанын және өз іс-әрекетіне жауап бере алғанын алға тартуда.
Бұл процесс қашан аяқталатыны бір Құдайға мәлім. Менің естуімше, олар ол жерде еш қиындықсыз 10–15 жыл, тіпті одан да көп уақыт емделіп жата береді екен. Бұл адам жазадан құтылып кетуі мүмкін. Біз мұның бәрі тезірек аяқталып, оның тиісті жазасын алғанын қалаймыз, - деді марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай.
Тергеу амалдарының жүріп жатқанына үшінші ай болды. Жәбірленуші тараптың адвокаты негізгі сараптамалардың, соның ішінде психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысын күтуде.
Тергеу құпиялылығына байланысты егжей-тегжейлі ақпаратты жариялай алмаймыз. Бірақ айта кететінім: тергеудің жүріп жатқанына үшінші ай болды, бірқатар сараптамалар тағайындалды. Соның ішінде күдіктінің өз іс-әрекетін сезіну деңгейін анықтауға арналған тексерулер де бар. Тексеріс әлі жалғасуда, түпкілікті қорытынды шыққан жоқ, - деді жәбірленушілердің адвокаты Аянхан Омаров.
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.
Сондай-ақ, депутат Мұрат Әбенов елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты.