Жайықтың суы күрт көбейді

Бүгiн, 19:57
295
Бөлісу:
Жайықтың суы күрт көбейді
PHOTO
Фото: ТЖД баспасөз қызметі

Жайық өзені бойында Ресей Федерациясы Орынбор облысы аумағында орналасқан Ириклинское су қоймасынан төменге тасталар су көлемі бүгіннен бастап секундына 108 текше метрден 156 текшеметрге жетті. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне "Қазсушар" РМК БҚО филиалының басшылығы мәлім етті. 

Жылда осы уақытта Ириклинское су қоймасынан жіберілер су көлемі секундына 15 текшеметрден аспайтын. Желтоқсан айының 27-інде бұл көрсеткіш 60 текшеметрге өссе, ақпанның 14-нде 108 текшеметрге ұлғайған. Енді 156 текшеметрге жетіп отыр. 

Судың осы көлемі 4 наурызға дейін сақталады. Одан әрі ағымдағы ахуалға байланысты РФ Орынбор облысындағы ведомствоаралық жұмыс тобы тиісті шешім қабылдайтын болады. Күні бүгін Ирикла су қоймасы 76% толып тұр. Бәйтерек ауданы Январцево ауылындағы гидробекет мәліметтері бойынша Жайық өзенімен қазір секундына 170 текшеметр су келіп жатыр. Орал қаласында өзен деңгейі соңғы екі аптада 1 см-ге ғана өсіп, 158 см-ді құрап отыр. Ирикла су қоймасынан тасталған су бізге жеткенше 25-30 күн өтеді. Сондықтан өзен тасиды, су басады деп үрейленудің қажеті жоқ, - дейді филиал директоры Рауан Құсайынов. 

Бүгінде бастауын Жайықтан алатын Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне секундына 10 текшеметр су шығып жатыр. Бұрын қыс айларында ол көрсеткіш 2-3 текшеметрден аспайтын. Көшім жүйесінде Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймалары орналасқан. Қазір Бітік және Дөңгелек су қоймаларына 48% және 68% мөлшерінде су жинақталыпты. 

Жайықтың суы күрт көбейді

Пятимар су қоймасынан төменге секундына 5 текше метр су түсіп жатыр. Жоғарыдан Дөңгелектен 6 текшеметр су келуде. Биыл суды тоқтатқан жоқпыз. Мына төменгі жақтағы көп жылдан бері кеуіп қалған Бірқазан, Қазыбай көлдеріне су барып жатыр. Жалтыркөл, Өтеген, Қандыкөл деген көлдер тола бастады, - дейді "Қазсушар" РМК Жаңақала учаскесінің басшысы Ербол Төлеуғалиев. 

Мамандар өңірде биыл да су тасқыны қайталануы ықтимал екенін айтады. Тек соңғы үш күнде Оңтүстік-Каспий циклонының ықпалымен Орал қаласында боран болып, жауын-шашынның бір айлық нормасы (22мм) жауған. Бөрлі, Сырым, Шынғырлау аудандарында айлық норманың 82-84% мөлшерінде ылғал түскен. 

Жайықтың суы күрт көбейді

Қардың қалыңдығы Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарынан басқа жерде көп жылғы мөлшерден төмен болғанымен, жердегі тоңның тереңдігі былтырғыдан да асып түскен. Орал қаласында тоң 109 см, Бөрлі ауданында 107 см, Шыңғырлау ауданында 102 см, Бәйтерек ауданында жердегі ылғалдың қату тереңдігі 101 см-ді құрайды. Алдағы наурыз айында да жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп болжаймыз, - дейді "Қазгидромет" РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов. 

Бүгінде облыс бойынша су басу қаупі бар 186 елді мекен есепке алынған. Осы ауылдарда 3,9 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 107 шақырым болатын 53 қорғаныс бөгеті салынған, 9 км су бұру каналдары, 93 км арықтар қазылған. Былтыр бұзылған 8 су қоймасы қалпына келтіріліп, өзендер бойына 7 жаңа гидробекет жасақталып, гидробекттердің саны 22-ден 29-ға жеткен. Дегенмен мамандарды алаңдататын жайттар да аз емес. 230 млн теңге көлемінде қазынадан қаржы бөлінсе де, төтенше жағдай департаменті әлі күнге шейін мұз жарғыштар бригадасымен келісімге отырмаған. Оның басты себебі байқау құжаттамасында кеткен қателікте көрінеді. Дегенмен осыған қарамастан Батыс Қазақстан облысында 25 ақпаннан бастап өзендерде мұз кесу және ойық бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.

Жайықтың суы күрт көбейді

Төтенше жағдай департаменті жедел-құтқару жасағы №20982 әскери бөлімімен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезінде мұз кептелістерін болдырмау мақсатында су басу қаупі бар өзендерде мұз қабатын әлсірету жұмыстарын бастады. Жұмыстың алғашқы күнінде 480-ге жуық ойық бұрғыланып, 240 метрден астам мұз кесілді. Осы жұмыстарға мұз кесетін арнайы қондырғы, бензиндік мотобұрғылар және басқа да арнайы құралдар қолданылды, - дейді БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Нұралы Мусиев.

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы