Жайықтағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты эвакуациялаудың екінші кезеңі басталды

8 Сәуір 2024, 22:00
520
Бөлісу:
Жайықтағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты эвакуациялаудың екінші кезеңі басталды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Батыс Қазақстандағы Жайық бойындағы үйлер мен саяжайларда тұратын халық өзеннің арнасынан шығуына байланысты эвакуацияланады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы кезекті әуеден барлаудан кейін облыста жүрген Премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

8 сәуірдегі жағдай бойынша өзендегі су деңгейі 703 см-ге жетті және әлі де көтерілуде. Былтырғы максимум 557 см болған. Су Ресей Федерациясы тарапынан тасқынға байланысты Ирикла мен Приузен су қоймаларынан қарқынмен жіберіліп жатыр. Эвакуациялық пункттер азаматтарды қабылдауға дайын, - деді Нұрлан Байбазаров.

Жайық өзенінің жағалауын нығайту және Орал қаласы мен облыстың төрт ауданында дамбалар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Даринск, Байқоңыс, Озерный, Володар, Январцево, Ақсу, Рубежинское және т. б. ауылдардың маңында уақытша дамбалар салынады.

Қала басшылығы тұрғындардан әкімдік өкілдері мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұрайды. Толық эвакуациядан кейін қажет болған жағдайда газ, су және электр қуаты өшіріледі. Эвакуацияланған аудандардағы құқықтық тәртіпті жергілікті полиция қызметі мен ТЖД қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы