Жайық өзені жағалаудағы үйлерге қауіп төндіріп тұр

Бүгiн, 09:20
179
Бөлісу:
Жайық өзені жағалаудағы үйлерге қауіп төндіріп тұр

Орал қаласының ескі бөлігі саналатын Курени ауданында Жайық өзені жыл санап жағаны кеміріп, жылжып келеді. Қазір кейбір тұста жардың шетіне бірер метр ғана қалған. Заты жоғалып, аты ғана сақталған Жағалау көшесімен автокөліктер де өте алмайды. Егер жаға бекіту жұмыстарын дереу қолға алмаса, өзеннің арнасы ауысып, бірер жылда тұрғын үйлер суға кетуі мүмкін. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне облыстық Табиғи ресурстар басқармасының басшылығы мәлім етті. 

Стрижаченко көшесінен Шамсутдинов көшесіне дейін, одан әрі ескі айлаққа дейінгі 886 метр жағалауды бекіту жобасы 2019 жылы жасақталған еді. Алайда қаржы жоқтығына байланысты жоба жатып қалды. 2023 жылы жобаға түзетулер енгізілді. Биыл қажетті 1,7 миллиард теңгенің 409 миллионы бөлініп, мердігер күні кеше жұмысты бастап кетті. Құрылыс мерзімі 14 ай. Жоба бойынша жағалауға жаңадан топырақ салынады. Темір-бетон плиталар төселіп, тротуарлар салынып, қоршалатын болады. Курени ауданы қаланың ең төменгі нүктелерінің бірі. Былтыр Жайық тасып, су келіп қалғанда бұл жерде шаруашылық тәсілмен бөгет тұрғызылған еді, енді оның орнына жоба бойынша жұмыс жүргізіледі, - дейді БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Дархан Закарин. 

Жаға бекіту жұмыстарының басталғанына тұрғындар да разы. Олар қай жылы жар құлайды деп қорқынышта өмір сүріп келгендерін айтады. 

Бұрын өзен арнасы әріде болған дейді. Қазір міне біздің аулаға бір метр ғана қалды. Осы проблема шешімін тапса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жағалауды жабайы тал-теректен, қоқыстан тазартып жарық жүргізсе тіпті керемет болар еді. Қазір тас қараңғы, ешқандай жағдай жоқ, - дейді Жағалау көшесінің тұрғыны Аякөз Сапарова. 

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы