Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері жайылымнан сиыр ұрлаумен айналысқан жас жігіттерді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Шардара аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша жайылымға шығарған үш бас сиыры, кешкісін қайта келмеген. Бір күн бойы өздері іздеп таба алмаған соң, аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Аталмыш дерек Шардара аудандық полиция бөлімшесіне тіркелді. Тұрғынға келтірілген шығын көлемі 700 000-ге жуық теңгені құрады. Жоғалған сиырларды табу мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекетке кірісті.Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды аралап шықты. Бірнеше сағатқа жалғасқан жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер күдіктілердің ізіне түсті. Жинақталған ақпарат көздеріне сәйкес, ұрлықты жасаған үш жас жігіт болып шықты. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі көрші ауылдың тұрғыны екені анықталды. Тергеу барысында анықталғандай таныс жас жігіттер, сиырларды “Газель” автокөлігіне артып алып кетеді де, 60-70 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылға апарып, ауыл шетіндегі мал қораға қамап қойған. Осылайша мал ұрлап сатпақшы болған жас жігіттердің ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылы арқасында ұсталды, - делінген ақпаратта.
Үш бас сиыр айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Одан бөлек, полицейлердің кәсіби шеберлігінің арқасында, күдіктілердің тағы осындай үш мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Күдіктілердің айтуынша, 2019 жылы жайылымнан үш тұрғынға тиесілі алты бас сиыр ұрлап, алыпсатарларға әрқайсысын 160 000 теңгеден сатып жіберген. Осылайша өздері кінәларын толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Екі күдікті қамауға алынса, ал үшіншісі қолхатпен босатылды. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабымен тіркелді.
Полицейлерге ризашылығымды білдіремін. Себебі, олар бір күн болмай, жедел іздестіріп, жоғалған сиырларымды тауып берді. Мал ұрыларын да ұстады. Алғыс айтамын, жұмыстарына табыс тілеймін, – деп өзінің алғысын жеткізді жәбірленуші әйел.Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, қора-жайларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді.