Жайылым жер жетпейді

2 Наурыз 2023, 17:30
1809
Бөлісу:
Жайылым жер жетпейді
PHOTO

Жетісуда жайылым жер мәселесі өзекті тақырыптың бірі болып отыр. Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Қайнарлы, Матай Байысов, Ешкіөлмес, Шымыр ауылдарының тұрғындары мал жаятын жер іздеп әлек, деп  хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде ауылдағы ағайынға 106 мың гектар өрісті жер қажет.

 Облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездескенде, халықтың дені жайылым мәселесін айтып, шағым жасады.

Өңір басшысының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жер қатынастары саласында көптеген проблема бар. Былтыр  аудан көлемінде 4 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекеттік меншікке қайтарылса, биыл 159 гектар жер қайтқан. Дегенмен әлі істің нүктесі қойылған жоқ.

«Тұрғындардың осы қажеттілігін өтеу үшін жайылымдарды басқару мен оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту керек. Бір реттік, көз үшін жасалатын жұмыстармен мәселе ешқашан түбегейлі шешілмейді. Жұмысты жүйелі түрде жүргізу керек. Бірінші кезекте қай ауылда мал жаятын жерлер жетпей жатыр, белсенді жұмысты сол елді мекендерден бастау керек. Мынадай қарқынмен жүре берсеңіздер, жер мәселесін жуырда шеше алмайсыздар. Қазір ауданның жер қорында 48,4 мың гектар босалқы жер бар. Осы босалқы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тартудың жедел шараларын қабылдауды тапсырамын», - деді Б.Исабаев.

Жайылым жер жетпейді

Тұрғындардың айтуынша, жайылым жер мәселесін аудан әкімдігіне жеткізегіне бірнеше жыл өткен, әйтсе де  шешімін таппай келеді. Бос жатқан жерлер жетерлік, бірақ иесі бар. Сондықтан қарапайым халықтың тілек-арызы ескерілмейді. 

Осыны ескерген облыс әкімі аталған ауылдармен қатар барлық елді мекен маңындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, соның ішінде ауыл тұрғындарының мал жайылымына қанша қажет екенін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ жерден қатты тапшылық көріп отырған ауылдардың жанайқайын бірінші кезекте қарастыру керектігін баса айтты. Соған сай, жүйеленген жоспар жасап, бекітуді міндеттеді.

«Күзде аудан халқымен тағы бір кездесу өткіземін, сол кездесуде осы жайылымдық жер мәселесінің шешімі қалай болғанын халықтың көзінше айтып беретін боласыз», - деді Б.Исабаев аудан әкіміне.

 Өз кезегінде аудан әкімі бұл мәселені тұрғындармен кездесіп, өзара бірлесе отырып шешуге уәде етті.

Өзгелердің жаңалығы