"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы Маңғыстауда қарқын алып келеді

20 Мамыр 2025, 19:58
268
Бөлісу:

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өңірдегі іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар аясында ол Ақтау қаласындағы №33 мектепке барып, білім беру саласының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында ұстаздар Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты қозғалған бастамалар мен реформалар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Ақтау қаласы Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры Гүлден Иманғалиева Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын жеткізді.

- 2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Соның ішінде біздің мектепке қатысты да жаңалықтар бар. Бұған дейін №7 мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Құрылтайда Мемлекет басшысы реновацияға қатысты нақты бағыт-бағдар беріп, 2026 жылы бұл мектеп заманауи талаптарға сай жаңғыртылатыны белгілі болды. Жөндеу жұмыстары, заман талабына сай кабинеттермен жабдықтау, сапалы асхана мен спорт залдардың болуы бізді ерекше қуантты, – деді Гүлден Иманғалиева.

Маңғыстау облысының әкімідігі мәлімдегендей, кездесу соңында Мәлік Отарбаев ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, білім беру саласының маңызын ерекше атап өтті.

- Елге қызмет ету, жас ұрпақты тәрбиелеу – үлкен мәртебе. Бұл мәртебе артқан сайын жауапкершілік те артады. Білім саласына қосқан үлестеріңіз зор. Мемлекетіміздің қазіргі идеологиясы – адамгершілік пен адамды құрметтеуге негізделген. Ал сіздер осы құндылықтарды жас буынға сіңіру жолында аянбай еңбек етудесіздер. Маңғыстау өңірінің дамуы – сіздердің еңбектеріңіздің нақты көрінісі. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Президент кеңесшісі.

Өзгелердің жаңалығы