Жайдарбек Күнғожин: Әлемде Қазақстан каскадерлеріне сұраныс жоғары

4 Наурыз 2021, 13:43
3815
Бөлісу:
Жайдарбек Күнғожин: Әлемде Қазақстан каскадерлеріне сұраныс жоғары
Сұхбат PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің каскадерлері әлем бойынша ең үздіктер қатарында. Жақында Nomad Stunts командасы Томирис фильміндегі трюктері үшін Дүниежүзілік каскадерлер академиясының (АҚШ) Taurus сыйлығын жеңіп алғаны белгілі.

Біздің каскадерлер әсіресе ат құлағында ойнайтынымен ерекшеленеді және сонысымен басымдыққа ие. Қазақ жігіттерінің арғымақ үстінде шауып келе жатып түрлі трюктерді жасай беретініне көзіміз әбден үйреніп қалған. Жылқымен шауып келіп кигізүйге секіріп кіру немесе шауып келіп омақа асып құлап жата қалу. Мұның барлығының артында каскадерлердің ерен еңбегі жатыр. Жалпы жылқымен жұмыс істеудің ерекшеліктері қандай? Каскадерлікке қандай жылқылар таңдап алынады? Осы және басқа да сұрақтар бойынша Nomad Stunts командасының директоры Жайдарбек Күнғожин сұхбат барысында айтып берді.

- Жайдарбек аға, командаларыңыздың атауын негізінде жылқымен жұмыс істейтін болғандықтан Nomad деп таңдадыңыздар ма?

- Nomad атауы шетелде жалпы көшпенділер деген ұғымды білдіреді. 1990 жылдары мен Ресей циркінде атты акробатикамен жұмыс істеп жүрдім. Кейін одақ құлаған соң елге барып команда құрсам деген ой келді. Ол кезде Қазақстанда каскадерлер жан-жақтан келіп жұмыс істеп жатқан еді. Циркте жүргенде біз көп елге шығатынбыз, команда құрған соң да шетелге шығатынымыз белгілі, сондықтан ол бәріне ұғынықты болсын деп Nomad деп қойдық. Бұл команда сол 2000-шы жылдары құрылды. Сол кезде әйелім екеуіміз команданың эмблемасын ойластырдық. Атпен жұмыс істейтіндіктен бірінші кезекте жылқы тұру керек деп шештім, екіншіден шаңырақты қойдық. Эмблема сәтті шықты, көпшілікке ұнады. Оның үстіне шетелдіктермен жұмыс істегенде де бұл атау ыңғайлы болды, бәрі бірден атпен жұмыс істейтінімізді біліп отырады.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.54 (1).jpeg


- Алғаш команда болып құрылғанда қолдарыңызда қанша жылқы болды?

- 1990 жылдары КСРО құлаған кезде цирктегі жылқылардың барлығын Ресей алып қалған. Кейін достарымыз, ағаларымыз бар бәріміз ақша жинап Ресейден үйретілген тоғыз ат сатып алдық. Ол кезде Қазақстанда атты акроботикада едім. Кейін бір орында тұрып қалмас үшін алға жылжып, даму жолында өз командамды құрып бөлек шықтым. Сөйтіп өзім екі ат сатып алдым. Nomad командасын ашқанда қолымызда жеті ат болды. Бірақ олар әртүрлі жылқы болды, біреу үлкен, біреуі кішкентай дегендей. Біртекті жылқы алуға ақшамыз жеткен жоқ. Жылына бір жылқыдан алып отырдым. Кейін оның ішінен каскадерлікке шыдамдыларын қалдырып, қалғандарын ауыстырып отырдық.

- Каскадерлікке жылқыларды таңдағанда несіне мән бересіздер, қандайда бір ерекшеліктері бар ма?

- Бұл жерде бірнеше жағдай бойынша қараймыз, жүрісіне, шыдамдылығына, түріне. Киноға түсетін болғандықтан ол әдемі әрі үрікпеуі керек. Аттың көбі түнде үркеді. Түсірілім барысында мылтық атылады, от жанады, адамдар көп жүгіреді сол кезде шошымай дұрыс жүру керек, әйтпесе үркіп адамдарды қағып кететіндері болады. Массовка кезінде адам көп болады, соған төзімді, жұмыс істей алатын аттарды таңдаймыз.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.53 (2).jpeg

Кейін таңдалған аттарды дайындаймыз. Ол жақсы жүріп, шабу керек. Кейде адам соғуы керек болады немесе кигіз үйге кіріп кетуі керек. Одан кейін қасында камера жүреді, сол кезде түзу шауып, үрікпеуі керек. Алдында от жанып тұрса да елемей жүре беретіндей болуы қажет. Қабырғаны бұзып өтуі керек болады, оның бәрін өзіміз үйретеміз. Циркте дресурада көп істегендіктен аттың трюктерінің бәрін өзім үйретемін. Сондықтан аттың қай жерде қорқып тұрғанын бәрін сезіп тұрамын және сол тұсымен жұмыс істеймін. Көбінесе сәбіз беріп тұрып үйретеміз. Өйткені үйрету кезінде атты қамшылауға болмайды, ол бір қорқып қалса ары қарай ырқыңа көнбей қояды. Мәселен, көкпар кезінде көп қамшылайды ғой, бізде олай емес. Шетелге шыққанда да атты ұрғыламай дайындаймыз. Қамшы қолданбай дайындауға көбірек уақыт кетеді, дегенмен ат саған сеніп, барлық ырқыңа көнеді.

- Мәселен, бір атты дайындау үшін қанша уақыт жұмсайсыздар?

- Әртүрлі, ол да адам сияқты. Мәселен, каскадерлікке алған жігіттердің кейбірі бір жылдан соң жақсы істеп кетеді. Негізі профессионал болу үшін 4-5 жыл кетеді. Жылқы да дәл сол сияқты, кейбірі тез үйренеді, тағы біріне төрт-бес жыл керек. Орташа есеппен үш жылда үйреніп шығады.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.55 (1).jpeg

- Бұл жылқыларды қай жерде ұстайсыздар және онда қанша жылқы бар?

- Өзіміздің каскадерлік базамыз бар, сонда 27 жылқымыз бар. Негізінен сол жерде дайындаймыз. Аптасына жоқ дегенде үш күн, әйтпесе бес күн дайындық жүргізіледі. Ат үнемі формада болу керек. Өйткені киноға аттарды жан-жақтан әкеледі. Олар ыстыққа, күні бойы шабуға шыдамай, болдырып қалады немесе тез арықтайды. Сол үшін біз базадағы жылқыларды күнде жаттықтырып отырамыз. Оның үстіне жылқыға күндіз жем, шөп бермейміз, тек таңертең және кешкілікті уақытта береміз. Соған үйренген және содан шыдамды болады. Түсірілім кезінде түсте бір сағат қана уақыт беріледі, онда өзің тамақ ішіп және жылқыны суарып алуға ғана уақыт жетеді.

Біраз атым циркте, өйткені олардың өзінде жылқы жоқ. Цирктің аттары ауырып, өлген соң оларға қиын болды. Мен өз аттарымды ауыстырып отырамын және дұрыс баптаймын. Содан қазір он атым циркте өнер көрсетіп жүр.

- Сіздер «Мулан» фильміне түскендеріңізді білеміз. Шетелге жылқы жеткізу мүмкін болмағандықтан сондағы аттарды үйретіпсіздер. Ол жақта жылқыны үйрету қиынға соқпады ма?

- Иә, Италия, Испания, Франция, Жаңазеландияда аттарды үйреттік. Ал, «Мулан» фильміне келсек мені «хорс-жаттықтырушы», яғни аттарды дайындайтын маман ретінде шақырды. Онда жылқыны Австралия, Жаңазеландия сияқты бірнеше елден жинады. Мен солардың ішінен үрікпейтін, адам жатырқамайтын, дұрыс шабатынын таңдап алып, сол жерде дайындадым. Ол жақта жылқыны басқаша дайындайды. Атты екі сағат мінген соң болды демалдыруың керек, қатты күштемейді. Аттың температурасын өлшейді, егер қызып тұрса бірден бізді тоқтатады. Ондай аттар тез шаршайды.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.55.jpeg


Арада бір ай өтті, нәтиже жөнді болмады. Содан жылқыларға жауап беретін «хорс-мастерге» жолығып, «Сіздер мені сонау Қазақстаннан шақырдыңыздар. Бір ай өтті жылқылар әлі дұрыс дайындалмады. Осы аттарды маған берсеңіз, 2 сағат сайын демалу керек деген болмасын. Мен өз тәжірибем бойынша дайындайын. Жылқының бір жері ауырса өзім жауап беремін» дедім.

Содан ол келісті, адамдарына қазақтар жылқыны қанша уақытқа алса да тимеңдер деп ескертті. Сол-ақ екен, бір жетінің ішінде аттардың барлығы үйреніп кетті. Өйткені таңнан түске дейін 4-5 сағат жұмыс істейміз, түсте қырық минут демалып алады. Ол кезде жуындырып, салқындатып аламыз, өйткені ол жақта ыстық. Суытып алған соң кешке дейін тағы жұмыс істейміз. Содан тез үйренді. Кейін сондағы мамандардың өздері таң қалды. Мен айтам, «сендер атты көп аяйсыңдар, оны жүргізген сайын спорттағы адам сияқты олар да үйреніп алады. Жылқы көп қозғалмаса семіріп кетеді, одан не шаба алмайды, не ыстыққа шыдамайды».

Осылайша екі айдың ішінде аттар секіріп, түрлі трюктер бойынша жұмыс істеп кетті. Дегенмен екі-үш атты айырбастадық. Өйткені қатты үркек болды, біреуі шаба алмады, жүрегінде ақауы бар екен. Шапқанда ентігіп, дұрыс жүре алмайтындарды мал дәрігеріне көрсетіп отырамыз.

- Атпен шауып келіп құлайтын кездер болады, оған шетелдіктер қалай қарайды екен, рұқсат ете ме?

- Олар қазір атты құлатпайды, обал дейді. Ол туралы газетте көп жазып, теледидардан да айтып жатады. Бір жағынан түсінбейді. Бұған қатысты заң қатаңдатылып, тыйым салып жатыр. Үндістанда кейбір фильмдер құлатты, кейбірі рұқсат бермеді. АҚШ, Англия киномотографистері қуланып алды, олар түсірімдерінің ат құлайтын бөлігін Грузия, Ресей немесе Қазақстанда түсіріп алады. Өйткені бізде оған тыйым салатын заң жоқ. Олар жылқыға ешқандай зақым келмейтінін бәрін біледі, тек заңнан қорқады. Атпен бұрыннан жұмыс істеп жүрген каскадерлер атты құлатқанда түк болмайтынын біледі және оған зиян болмайтындай етіп құлатады. Жылқыны үйретуге 3-4 жылдай уақыт кетеді. Егер жылқы бір жерін мертіктірсе ары қарай ол жарамайды ғой немесе жұмысың да жайына қалады. Сол үшін олар жылқыны мертіктірмей үйретеді. Мәселен, жақында бір атымыз зейнетке шықты, ол «Моңғол», «Көшпенділер» фильмінен бері жұмыс істеп келді. Дұрыс дайындасаң ат дұрыс құлап, тұрып кете береді, еш қай жері мертікпейді.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.58 (2).jpeg

- Жылқыны мертіктірмей дайындаудың әдісі жайлы айта отырсаңыз?

- Әрине, оны біз жұмсақ жерге дайындаймыз. Сәбіз беру арқылы бірінші ақырын жатқызамыз. Олар сәбізді жақсы көреді. Содан ақырын құлатып үйретеміз. Кейбір құламайтын аттар болады, оны құлатып әуре болудың қажеті жоқ бірден ауыстырамыз. Жылқы да адам сияқты жақсы құлайтын таланттылары болады, дәл каскадерлер сияқты.

- Шетелде түсірілген фильмге Қазақстаннан жылқы апарған кездеріңіз болды ма?

- Әрине, жақын елдерге апардық. «Моңғол» фильмін түсіргенде Қытайға жеткіздік. Олардың аттары жарамаған соң апаруға тура келді. Жылқы күтімі жағынан онда тәжірибе жоқ, Ресейден әдемі аттарды көп әкелген, бірақ күтім болмаған соң бәрің жағдай нашарлап кеткен. Одан кейін Ресейдің көп жеріне апардық. «Тобол», «Коловрат», «Викинг» фильмдерінің барлығына өз аттармызбен бардық. Өз жылқыларымыз дайындалған, трюк жасауда көп қиындық болмайды. Италияға, Грузияға да апардық, жақын жерге апара береміз. Жылқыны апарғанда мал дәрігеріміз бірге жүреді. Жол жүргенде аттар қиналады, кейбірі стресс алады. Бір жерде он күндей тұрады, оңай емес. Сондықтан тез қалпына келуі үшін дәрі, дәрумендер береміз. Оның үстіне бөтен жердің шөбі де басқа болады. Санитарлық нормаға сай бізді өз жем-шөбімізбен кіргізбейді.

- Ресейдің көптеген фильміне түскен екенсіздер, онда атпен жұмыс істейтін каскадерлер жетіспей ме?

- Иә, Ресейде біз сияқты атпен жақсы жұмыс істейтін команда жоқ. Бұрын олар атпен жақсы жұмыс істейтін. Қазіргі жастары көбінесе төбелес, секіру жағына кетіп қалды. Атпен жұмыс істеу үшін оны баптау керек әрі жаттығу жасатып отыруың қажет. Оған көп уақыт кетеді және жылқыны асырау да ақша тұрады. Сондықтан ондағы жастар жылқымен жұмыс істеуге бара бермейді. Болса да өте аз.

- Сіздер «Томирис» фильмі арқылы Taurus сыйлығын алдыңыздар. Ол жерде жылқымен жұмыс істеген трюктеріңізге басымдылық берілді ме, осы жағын түсіндіріп берсеңіз...

- Жоқ, ол жерде жалпы барлық трюктер бағаланады. Кинодағы трюк жасалған әр кадрды қарайтын комиссия отырады. Оларға кинодағы әр трюк бойынша сипаттама береміз, яғни мына жерде компьютерлік графика немесе тросттың бар, жоғын бәрін жазамыз. Оған қоса қауіпті трюктерге мән беріледі. Егер компьютерлік графика болса онда минус қояды, шынайы шықса плюс қояды. Сондай-ақ түсірілуіне де қарайды. Taurus сыйлығын алуға экшн директоры болуым да септігін тигізді. Өйткені оны мен өзім түсірдім. Әр трюктің түсірілімі, ракурсы бәрі бағаланады.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.58.jpeg

- Циркте де жұмыс істейтініңізді білеміз, ондағы аттар қалай дайындалады?

- Онда басқаша, атты көп қинамаймыз. Өйткені онда ат көп шаппайды. 15-20 минут айналып шабады. Бірақ оған да үйрену керек. Циркте жылқының күтімі жақсы, әдемі болып жүру үшін түрлі дәрумендер беріп отырады, оның үстіне жылы жерде тұрады. Мәселен, каскадерлікте аттың астын күніне екі рет тазаласа, циркте күні бойы тазалап отырады. Өйткені ондағы ат әдемі әрі сасымау керек. Сондықтан ондағы күтім басқаша.

- Nomad Stunts командасына келетін жігіттерге қандай талап қоясыз?

- Ең бірінші бұл – тәртіп. Онсыз ештеңе болмайды. Екіншіден спорт. Шетелде жұмыс істеп жатқандықтан өзге елдерден біздің командамызға кіргілері келетіндер көп. Қазір командамыз халықаралық дәрежеге ие. Құрамында Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Болгария, Австралия, Ресей, Украина және басқа да елдерден кіріп жатыр. Сондықтан спортшы болуын талап етеміз. Онда да акробатика, гимнастика, тэквандомен айналысатындар. Ал жасы 19-22 аралығында болу керек. Өйткені 23 жасында келсе ол 4-5 жыл үйретуден кейін жасы ұлғайып кетеді. Ұлғайған сайын реакциясы болмай, жарақаты көп болады. Сол үшін ерте жастан үйретуді қалаймыз. Командамызда қазір 86 адам бар.

- Taurus сыйлығын алған соң сіздерге деген сұраныс та артқан шығар?

- Иә, сұраныс өте жоғары. Осы сыйлықты алғаннан бері шетелден үлкен алты жоба түсті. Голивудтан екі жоба, Воливудтан төрт жоба шықты. Бұл басқа ұсақ жобаларды санамағанда айтып отырғаным. Оған қоса қазір елімізде тарихи «Қасым хан» фильміне түсіп жатырмыз.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.57.jpeg

- Бұрын шетелде біздің каскадерлерге аз ақша төлейді деп айтатын еді, қазір бұл жағы қалай?

- Бастапқы кезде бізді танымай тұрғанда солай болған. Қазақстан деген қай жер деп танымай жататын, оның үстіне екі есе аз ақша төлейтін. Бірақ соңғы 5-6 жылда шетелдіктермен теңдей қаражат төлейді. Nomad десе қазір бірінші алады. Мысалы, «Мулан» фильміне каскадерлік кастинг болды, бірақ бізді іріктеусіз бірден кіргізді. Өйткені біздің универсал екенімізді біледі. Атқа да мінеді, төбелесті де біледі деп бірден қабылдады. Біздің команданың сапалы жұмыс істейтінін қазір бәрі біледі. Актерлеріміз Голивудқа шыға алмағанымен, біз он бес жылдан бері сонда жұмыс істеп келеміз.

- Біз теледидардан көріп жүрген экшн кинолардың көбінде сіздер түскен екенсіздер. Бізге бәрін актерлердің өзі жасап отырғандай көрінеді және сондағы трютері үшін оларды әспеттеп жатамыз. Қиын трюктердің барлығын сіздер жасайсыздар, бірақ мадақты актерлер иеленіп жатады. Бұны қалай қабылдайсыздар?

- Бұл қалыпты жағдай. Оған жұмыс ретінде қараймыз, сондықтан бәріне үйрендік қой. Тек киноға түскен соң бізді айтпай кететіні жаман. Әсіресе Ресей мен өзімізде еленбей қаламыз. Ал, шетелде каскадерлерді міндетті түрде айтады. Бізде режиссер мен актерлерді айтып, бізді ұмытып кетіп жатады. Алайда адамдардың көбі киноны экшн болғаны үшін көреді. Біз жарақат аламыз, актердің орнына төбелесіп, оның атын шығарамыз. Бірақ кино біткенде міндетті түрде Мәдениет министрлігінің тапсырысымен түсірілді деп көресетеді де бізді ұмыт қалдырады. Отандық фильмдерде көбінде режиссерлер ақшасы жетпей көмектесші деп хабарласады. Жас режиссерлерге көмектесіп, бәрін істеп береміз. Бірақ соңында бізді ұмытып кетеді.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.57 (1).jpeg

- Бір байқағаным сіздерді тарихи киноға көп шақыратын сияқты, бұл да жылқымен жақсы жұмыс істегендіктен болар?

- Иә, бізді неліктен көп шақырады дегенге келсе тарихи киномен жұмыс істейтін адам да, каскадерлер тобы да аз. Ең үлкен топ Испания мен Англияда бар, оның өзінде жиырма адамнан ғана, ал бізде 86 адам бар. Сондықтан бізді шақыра береді, үлкен топ әрі универсал деп қарайды. Атпен шапқаннан бөлек қылышпен, мылтықпен жұмыс істеуді жақсы білеміз.

- Тарихи кино түсіруде қазір Түркия алдыңғы қатарда. Біз «Сүлеймен сұлтан», «Ертұғырыл» сияқты фильмдерді түсіре алмай келеміз. Ол үшін бізге не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?

- Ондай фильмдерді түсіру үшін алдымен олармен бірігіп түсіретін жобалар керек. Өйткені біздікілер сериал түсіруде әлі ештеңе үйренген жоқ. Ол үшін алдымен мықты сценарий жазатындар керек, оны үйрену қажет. Мысалы, мен де туа салып каскадер болып кеткен жоқпын ғой. Шетелдіктермен бірге жұмыс істедік, білмегенімді үйрендім және олардан асырып істеуге тырыстым. Сол үшін Америкаға барып екі жыл үйрендім. Сол сияқты біздің режиссерлер мен сценаристерге де солай істеу керек. Жақсы кино туындылар шығып жатыр, бірақ сериалдан біз қалып қойдық. Президент қазір тарихи сериалдарды түсіру керек деп айтып жатыр.

Мықты сериал түсіру үшін сценариі және режиссері мықты болу керек, оның үстіне түсіретін команда жақсы болу қажет. Соңғы кезде түріктермен көп жұмыс істеп жатырмыз, қазір де жеті жігітіміз сонда жүр. «Ертұғырыл» бітті, «Селжуктер» фильмі бар, жалпы төрт жобада жұмыс істеп жатыр. Ол жақтың командасы тез түсіреді. Олар сценариді жазып отырып, шетінен түсіре береді және түсірілгені мына жағында монтаждалып көрерменге беріліп отырады. Түсірілім процесі жақсы жолға қойылған. Біз алдымен түсіреміз, одан кейін монтажы, дыбыстауы бар, тағысы бар созылып жарты жылда шығады. Ал, түріктер үш күнде түсіріп, монтаждап бірден бере береді. Онда адам көп, сегіз маман монтаж жасап отырады, сценариді он адам жазады. Сондықтан да олардың өнімін шетел алып отыр. Бізге де солай жасау үшін тәжірибе керек. Ол үшін бірігіп түсіру қажет. Түріктерде де басында нашар болатын, олар жан-жақтан қарап үйренді. Әсіресе экшндері нашар болатын. Содан бізді шақырып, бұл жағынан алға шықты, қазір біздің каскадерлерді жібергілері келмейді. Олар сияқты біз де түсіре аламыз, тек ұялмай тәжірибе жинау керек.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.58 (1).jpeg

- Каскадер болғандықтан жарақат алмай тұрмайсыздар. Жалпы сақтандыру жағы қалай іске асады?

- Шетелде, тіптен мына тұрған Ресейде алдымен сақтандыруды қолыңа ұстатады. Тек бізде ғана сақтандыру жоқ, өйткені кино туралы заң жоқ. Кино туралы заңды қабылдау мәселесі көтерілгеніне көп болды, бірақ әлі қабылданбай келеді. Оның қабылданғанын қаламайтындар да бар сияқты. Заң қабылданса шетелдіктер бізге кино түсіру үшін көптеп келер еді, өз кезегінде олар бізге қаражат әкеледі. Оған қоса туристер де көптеп келе бастайды. Бұл заңның артықшылықтары көп, оны неліктен қабылдамай отырғанын түсінбеймін.

Маған «Қазақстанда кино түсірсек деп едік» деп көптеген шетелдік продюсер, режиссерлер келді. Пандемияның алдында француздар, үндістер шықты. Оларға біздің жер де ұнайды, ақшамыз да арзан көңілдерінен шығады. Тек кино туралы заңдарыңның жоқтығы көп кедергі дейді. Мәселен, олар бір кино түсіру үшін жоқ дегенде 5 млн доллар әкеледі, бұл деген елге тартылған инвестиция ғой. Мәселен, Болгария, Чехия, Словакия сияқты дамушы елдер түскен қаражаттың 30 пайызын қайтарып береді. Дегенмен олар көп ақша әкеп құяды, түсірілім алаңында мыңға жуық адам жұмыс істейді, бәрі ақша алады әрі тәжірибе жинап, дамиды. Сол төленген қаражаттың 30 пайызын қайтарып берсе, ертең олар тағы кино түсіруге келеді. Оған қоса салықтан да босатқан жөн. Сондықтан олар көбінде жері нашар болса да Болгария, Малазияда түсіреді. Ағылшындардың бәрі қазір сол жерде киностудия салып тастаған. Одан қаншама ақша түсіп жатыр.

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.43.53 (1).jpeg


Сондықтан бізде де кино туралы заңды қабылдап, дұрыс жолға қойса даму болады. Бірігіп мықты жобаларды түсіреміз. Өкінішке қарай бұл жағынан бізде бәрі баяу жүріп жатыр. Көрші Өзбекстанға Netflix кіріп жатыр, Ресейде Disney отыр. Біз әдемі табиғатымыз бен көптеген мүмкіндіктерміз бола тұра пайдалана алмай отырмыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

WhatsApp Image 2021-03-04 at 13.44.00 (1).jpeg



Өзгелердің жаңалығы