Жаяу саяхатшы Орал қаласына жетті

25 Тамыз 2022, 13:32
2430
Бөлісу:
Жаяу саяхатшы Орал қаласына жетті
Фото: автордан

Қазақ елін жаяу аралап келе жатқан 72 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Оспанұлы Орал қаласына жетті, деп хабарлайды   Батыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның 17 облысын түгел жаяу аралап өтуді мақсат еткен қарт саяхатшының бұл жоспарлаған жолындағы 15-інші облысы.

Сәрсенбай Оспанұлы - ұста, ескерткіштерді қалпына келтіруші (реставратор). Қолөнер шебері жолай елдегі қолөнершілермен кездесіп келеді. Ол Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды, қымыздың емдік қасиетін насихаттаумен қатар қазақстандық қолөнершілерді тіркеуді мақсат еткен.

Қария "Ұлытауға бардың ба..." сапарын 31 наурыз күні Ұлытаудан бастады. Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз, Өскемен, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарағанды, Нұрсұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларында болған саяхатшы Орал қаласынан соң Атырау мен Ақтауды бетке алмақ. Сапарын 29 қазан күні Ақтауда аяқтауды жобалап отыр. Қай өңірге жетсе де халық құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, түнеуге орынжай ұсынып жатыр. Жолда саяхатшыны тоқтатып, тілдесіп, суретке түсіп жатқан адамдарда есеп жоқ. Қазақстандықтар саяхатшының сапарын әлеуметтік желілер арқылы бақылап отыр.

Саяхатшымен Оралдағы кездесу бүгін сағат 16:00-де Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтеді деп жоспарлануда. 

Өзгелердің жаңалығы