Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның 2019 жылғы «Жауынгерлік бауырластық» жедел стратегиялық оқу-жаттығулары Беларусь, Ресей, Тәжікстан аумағында өтеді. Бұл туралы Мәскеуде өткен брифингте ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Анатолий Сидоров мәлімдеді.
Оның айтуынша, бірлескен жиынды өткізу мақсатында Қазақстан, Ресей, Қырғызстан аумағында 9 оқу-жаттығу полигондары іске қосылған. 2018 жылы «Жауынгерлік бауырластық» жедел стратегиялық оқу-жаттығуына 10 мың адам тартылып, 1500 жуық әскери техника, соның ішінде 90 ұшу аппараты жұмылдырылды.
«2019 жылы бірлескен оқу–жаттығуларды өткізуді жалғастырамыз. «Жауынгерлік бауырластық» жедел стратегиялық оқу-жаттығуын Беларусь, Ресей Федерациясы, Тәжікстан аумағында өткізу жоспарланып отыр», - деді Сидоров.
Штаб бастығы биыл неге Қазақстан аумағында өтпейді деген сауалға жауап берді.
«Бүгінде шартқа алты мемлекет кіреді. Жыл сайын барлық алты елдің аумағында өткізудің қажеттілігі жоқ. Біз былтыр Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істедік, жаттығу өткіздік. Қазақстанның бұл жылы жаттығуларымыздан демалғаны дұрыс шығар», - деді ол.