Жауапкершілікті қабылдайтын кез келді – маман ата-аналарға үндеу жасады

18 Қараша 2022, 17:28
727
Бөлісу:
Жауапкершілікті қабылдайтын кез келді – маман ата-аналарға үндеу жасады

«Salem, родители!» кітабының, «Amansabi.kz» балалар қауіпсіздігі жөніндегі жобаның авторы Динара Құсайын халықаралық ғылыми конференцияда ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Конференция «Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты тақырыпта болды.  

Динара Құсайын өз сөзінде қазіргі заман балалардың дені сау, бақытты болып, аман-есен ер жетуіне ата-аналардан біліктілік, заманауи дағдылар мен білімін жаңартып отыруды талап ететінін айтты.

2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зорлық-зомбылық және жарақаттану мәселелері бойынша зерттеу жариялады. Осы зерттеуде 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың өлімнің жартысында, ал 5 пен 14 жас аралығындағы балалар арасындағы өлімнің үштен бірінде зорлық-зомбылық немесе жарақат алғаны себеп болған, - деді ол. 

Ал Қазақстанда 2021 жылы сыртқы себептерден 870 бала қайтыс болған екен. Оған «ересектер жауапты» деді спикер.  

Қазір Қазақстанда жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі нормалары бар. Мектептерде қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту жүргізіледі. Бірақ біз үйде, отбасында және сыртта балалар қауіпсіздігін үйретпейміз. Мұндай сабақтар жоқ, - деді маман.

Сондықтан Динара Құсайын балалардың қауіпсіздігі мен дамуы бойынша ата-аналарға арнаулы білім беру бағдарламалары өте қажет екенін айтты. 

Баланың сауатсыз тамақтанудан денсаулығы бұзылса, гаджеттерден көру қабілеті нашарланса, ата-аналармен түсініспеушілікке байланысты эмоционалдық проблемалар туындаған кезде және де құрдастардан буллингке ұшыраған кезде. Өйткені буллинг жасап отырған балалар өз отбасында көргенін істеп отыр, яғни отбасылық зорлық-зомбылықты мектепте қайталап отыр. Мұның бәрі – біздің ортақ жауапкершілігіміз, - деді ол.  

Сөз соңында Динара Құсайын жас ұрпақтың қауіпсіздігі, денсаулығы мен бақыты үшін күш біріктіру керегін айтып, «Балалардың амандығы – біздің қолымызда. Осы жауапкершілікті қабылдайтын кез келді» деп қорытындылады. 

Өзгелердің жаңалығы