«Жасыл ел» жастары белсенді

28 Шілде 2022, 15:45
2625
Бөлісу:
«Жасыл ел» жастары белсенді

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында «Жасыл ел» еңбек жасағының жауынгерлері алдағы аптада төртінші маусымды бастамақ. 

Биыл «Жасыл ел» жасағы құрамында облыс бойынша 1200-ден астам жас жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі таңда облыс бойынша үшінші маусымда 239 жас жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 80 жас облыстық табиғи ресурстар басқармасы арқылы Ақтөбе орман шаруашылығына, 159-ы Ақтөбе қаласын санитарлық тазалау жұмыстарына бөлінген. Олар қаладағы «Өтес Ақтөбе»,«Батыс Ақтөбе», «SAMGAU-2030»,  «ТехносервисКз», «Адал қызмет Ақтөбе», «Ажар Ақтөбе», «Нұрлы таң», «Комсервис», т.б. мердігер ұйымдарда қызмет етіп жүр.  

«Жасыл ел» еңбек жасақтары және «Атамекен» студенттер отрядтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл жоспар бойынша 1200-ден астам жас қаланы, сондай-ақ ауыл-аймақтарды көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жұмыстарына жұмылдырылады.

Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл өңірде жалпы саны 1200-ден астам 16-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер  «Жасыл ел» жасағының құрамында жұмыс жасап жатыр. Олардың бүгінде жалақы мөлшері — 90-110 мың теңге аралығында. Келесі аптада жасақтың жауынгерлері төртінші маусымды бастайды. Жаңа оқу жылына дейін олар үздіксіз еңбек етіп, қала тазалығына, аудандарда жасыл желекті көбейтуге үлес қосады. Ең қуаныштысы, бүгінде «Жасыл елдің» құрамында жұмыс істегісі келетін жастардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары арасындағы еңбек еткісі келетіндердің саны көп, - дейді Н.Шаңғытбаев.

Оның айтуынша, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасап жүргендердің арасында студенттерден гөрі оқушылар басым.

«Жасыл ел» жастары белсенді

Бүгінде «Жасыл ел» жасағының 185 жауынгері аудандарда, атап айтсақ, Әйтеке би, Темір, Мәртөк, Қобда, Шалқар орман шаруашылықтарында еңбек етіп жүр. Олар бұл мекемелерде шөп жұлады, ағаш суарады, ағаш көшеттерін егеді, басқа да жұмыстар атқарады. Ал 6 жауынгер Алға ауданындағы «Jan Invest» компаниясында, 8 адам Хромтау ауданындағы «Samgau-2030» мердігер мекемесінде абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылған. Олар көшені күл-қоқыстан тазалап, ағаш, гүл суарады, шөп жұлады. 

«Болашақ» көпсалалы колледжінің оқушысы Замира Сатмағанбетова биыл екінші жыл қатарынан «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп жүр. Ол — қазір отряд командирі. 

Менің отрядымда 50-60 адам бар. Қазір Ақтөбе орман шаруашылығында шөп жұлып, ағаш егіп, оларды суарып, жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда аса қиын жұмыс жоқ. Бәрі көңілді, кейде түрлі іс-шараларға да қатысамыз. Жастардың бір күні бір күніне ұқсамайды. Бір-біріне қамқор, мейірімді, жұмыста да тату. Отряд мүшелерімен алдағы уақытта да қоғамдық, көпшілік іс-шараларға атсалысамыз. Жалпы, «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп қана қоймай, жаңа достар тауып, өзге адамдармен тез араласып кетесің. Мұндағы жастардың бәрі қарапайым, — дейді Замира. 

«Жасыл ел» жастары белсенді

Қазір Замира сияқты жастардың көбі жазғы демалыста үйлеріне бармай, қалада еңбек еткенді жөн көреді. Уақыттарын тиімді пайдаланып, оқуына қажетті қаражат табады. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.

Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, биыл «Жасыл» жасағына құрамындағы жастар түрлі акцияларға қатысып, ағаш егу, жағажайларды күл-қоқыстан тазалау, бұлақтардың көзін ашу, қарияларға көмек көрсету сияқты игі істерге атсалысып жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы