Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және еліміздің Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толуына орай Астанада студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының «Жасыл ел» XXI еңбек маусымының жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара 29 тамызда «Жастар» сарайында ұйымдастырылады.
«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде елордалық штаб қала үшін әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға елеулі үлес қосып, 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды жазғы кезеңде еңбекпен қамтып келеді.
Салтанатты жиында еңбек маусымының белсенді қатысушылары «Үздік команда», «Үздік командир» және «Үздік жауынгер» номинациялары бойынша марапатталады. Оларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Жыл сайын Астанадағы бағдарламаға мыңдаған жас қатысады. Олар қаланы көгалдандыруға, аумақтарды абаттандыруға, мектеп аулалары мен саябақтарды тазалауға үлес қосып, елорданы көркейтіп келеді.
Биылғы жылы елордада «Жасыл ел» бағдарламасы аясында шамамен 5200 жас еңбекпен қамтылды. Олардың арасында көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың балалары да бар.
«Жасыл елдің» жауынгерлері жаз бойы қаланы көгалдандыруға, саябақтар мен білім беру мекемелерінің аумақтарын тазалауға белсене атсалысты. Бұл жастар үшін табыс табумен қатар, патриотизмнің, еңбекқорлықтың және ел болашағына жауапкершіліктің мектебі болды.