"Жасы 30-40-та болса да, әлі күнге дейін бала секілді". Мұқаев ересектердің құқығы жайлы айтты

5 Ақпан 2024, 16:42
11609
Бөлісу:
"Жасы 30-40-та болса да, әлі күнге дейін бала секілді". Мұқаев ересектердің құқығы жайлы айтты
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік-медициналық мекемелерде денсаулығында ауытқуы бар ересектер өз құқықтары тапталса, оны айта алмайтынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кәмелетке толмаған балаларға арналған арнайы мекемелер, интернаттар бар. Енді депутаттарға оларды аяқ астынан тексеруге құзырет беріліп отыр. Бірақ бұл жерде кәмелетке болмаған азаматтардан бөлек, ересек азаматтарымыз бар. Олар арнайы әлеуметтік-медициналық мекемелерде емделіп немесе тұрақты түрде сол жерде тұрып жатыр. Өйткені олардың денсаулығында не болмаса психикасында қандай да бір ауытқуы бар. Олар да бала сияқты.

Депутат Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қарағанды облысына барғанда осындай жағдайды көзбен көргенін айтты.

Олар қандай да бір теріс сипаттағы жағдай болса, оны айта алмайды, сөйлей алмайды. Жасы 30-да, 40-та болса да, олар әлі күнге дейін бала секілді. Тексеріс неге бұл салаларда (ересектерге қатысты әлеуметтік мекемелерде – ред.) қамтылмаған? – деп сұрады Мұқаев.

Депутаттың сұрағына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова жауап берді.

Ересектерге қатысты мекемелерге әр өңірдегі комиссиялар кіруге құқылы. Заң жобасы аясында осы мәселені қарастыруға дайынбыз, - деп айтты вице-министр Мәжілісте.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы өтіп жатыр.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қанша әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтқан еді.

Сондай-ақ өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов заңдарға қандай нормалар енгізілгелі отырғанын атап берді. 

Өзгелердің жаңалығы