Жастарға кәсіби бағыт-бағдар берудің маңызы зор

26 Шілде 2021, 09:41
4720
Бөлісу:
Жастарға кәсіби бағыт-бағдар берудің маңызы зор

 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы ерекше.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде аталған құжат аясында 166 маманға 48,5 млн теңгеге көтерме жәрдемақы мен 45 маманға тұрғын үй сатып алуға 196,8 млн теңге қаржы берілген екен. Бұл жас мамандарды ауылға көптеп тартуға таптырмас мүмкіндік көрінеді.

Жалпы Жамбыл облысында 255 мыңнан астам жас азамат бар. Олардың 95 мыңнан астамы қалалық жерде тұратын болса, 160 мыңнан көбісі ауылдық елді мекендерде тұрып жатыр. Жастар өңір халқының 22,4%-ын құрайды. Биыл өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыруға мүдделі органдар арқылы 767,2 млн теңге қаржы қаралған болатын. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 69,3 млн теңге бөлініп, 37 жоба қаржыландырылды, - деген Серікбол Қайратұлы жастарды әлеуметтендіруге басымдық берілетінін де атап өтті. 

Оның сөзінше, жыл басынан бері 6 475 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Былтыр маусым айына дейін 2 788 жас ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 265-і қысқа мерзімді кәсіби курстарда оқытылған екен. 104-і шағын несие алса, 869 жас «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алған. 214-і әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 746 түлек Жастар тәжірибесіне жолданып, 1 489-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға шақырылған. 

Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі биылғы бірінші тоқсанда 2,6%-ды немесе 6 636 адамды құрады. Былтыр бөрсеткіш 2,8% еді. Айта кетерлігі, біз бұдан өзге өңірлер арасындағы ең төменгі орында екенімізді көреміз. Нақтылай айтқанда, республикадағы жұмыссыздық 3,7%-дың айналасында. Ал жұмыссыз, оқымайтын, яғни NEET санатындағы жастардың үлесі биылдыққа 8,2%-ды немесе 21 мыңға жуық адамды құрады. Өткен жылы 7,4% еді. Аймақта NEET санатындағы жастардың электронды дерекқоры жасақталып, олармен адрестік жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді басқарма басшысы. 

Жекелей жүргізілген жұмыстардың барысында аталған санаттағы жастар жаз мезгілінде маусымдық жұмыстарға тартылып, күнкөріс қылатыны, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жататындығы анықталған. Оларға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында кеңес беру автокеруені аудандарға, шалғай жатқан ауылдық мекендерге шығады екен. Керуенге облыстық деңгейдегі 22 мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардың өкілдері ілеседі.

С. Берікқожа Тараз қаласындағы жабық сауда орындарда, ашық алаңдарда салалық басқармалалардың өкілдерінің қатысуымен жастарға тұрақты түрде кеңес берілетінін айтты. Одан бөлек, NEET және пробация тізімінде тұрған жастарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы құжатқа сәйкес, жыл басынан бері 16 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, 655 жас жұмысқа орналасыпты.

Ағымдағы жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті бюджеттен бөлінген 53,4 млн теңгеге жұмыссыз, NEET жастар маусымдық жұмыстарға тартылуда. Бүгінге дейін кезең-кезеңімен 463 жас жұмыс істеді. Жыл соңына дейін санды 1 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар 200-ге тарта студент жастарды құрылыс нысандарына маусымдық еңбекпен қамту бойынша салалық басқармамен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді жауапты маман. 

Жас шенеунік қазіргі буынның кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға тиісінше мән берілетінін жеткізді. Олардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы аясында 869 жас арнайы оқытудан өткен. Кешеге дейін 43-і бизнес жоспарын қорғаса, 18-і грант алған, 104-і шағын несие алыпты. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде де өңірдегі 1 068 жас азамат қайтарымсыз гранттың жеңімпаздары атанған екен.

 

Бұл орайда, жастардың жеке қабілеттерін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар берудің маңызы зор. Оларды кәсіпкерлікке баулу мақсатында консультативтік көмек көрсету, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер арқылы онлайн шеберлік сағаттарын өткізу, «Бизнес бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы кеңес беру және ақпараттандыру сияқты жұмыстар атқарылуда, - деп атап өтті ол.
 

Жауапты маман жастар арасындағы некелердің бұзылуына да назар аударды. Биылдыққа 1 622 жас некеге тұрса, 161-і некелерін бұзған. Өткен жылғы осы көрсеткішке мән берсек, 2 416 жас шаңырақ көтерсе, 438-і ажырасыпты. Неке бұзу фактілерінің алдын алу мақсатында Жамбыл облысында «Татуласу» орталығы ашылған. Сондай-ақ «Бастау» жобасының аясында психолог, медиатор, заңгер мамандарымен бірге нақты шаралар қолға алынған. 

Волонтерлық қызметті дамыту мақсатында өңірде жыл басынан бері кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Көптеген жобалар басталып, біршама ауқымды істер ұйымдастырылды. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 8 мыңнан астам мүшесі бар 30 ұйым айналыcады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталықтардың жанынан 11 еріктілер топтары құрылған. Өңірде «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде осындай 15 сауда нүктесі жұмыс істеп келеді. Біз волонтерлық шаруаны жандандыру мақсатында 7 бағытты қамтитын 1 мыңға жуық іс-шара өткіздік, оларға 27 мыңнан астам адам қамтылды, - деді С. Берікқожа. 

Жауапты маман жыл басынан бері қала және аудандарда жастар ресурстық орталықтардың ұйымдастыруымен 3 501 іс-шара өтккенін мәлімдеді. Оларға 84 мыңнан астам жас қатысқан. Ол іс-шаралардың 568-і рухани-адамгершілік тақырыбында өтсе, 216-сы әскери-патриоттық бағытта өткен. 280-і спорттық, 428-і мәдени-шығармашылық, 340-ғы құқықтық, 294-і діни, 324-і психологиялық-танымдық бағыттарды қамтыған. Жастарға кеңес беру мақсатында – 386, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейтін 322, этносаралық келісімді насихаттайтын 171, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздейтін 172 жиын өтіпті. Осы шаралардың барысында тақырыптың маңыздылығы мен ауқымына және жастардың қамтылуына баса назар аударылған екен.

 

Бұдан бөлек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысының жастары арасында 128 шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Олардың 1-уі халықаралық деңгейде болса, 5-уі республикалық, 20-сы облыстық деңгейде өтеді. Қалғаны қалалық, аудандық деңгейдегі жастарды қамтиды. Тағы да айта кетерлігі, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, қайырымдылық істерді ұйымдастыру бағытындағы «30 игі жоба» аясында «Тегін такси», «Рақмет сізге», «Менің бастамам» сияқты жобалар іске асырылып келеді. Жақында «Қоғамдық лекция» жобасын қолға алдық. Бұл арқылы өңірімізге белгілі, айтары бар азаматтар, басқарма басшылары мен үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері дәрістерін оқып жүр, - деді Серікбол Қайратұлы. 


 

Өзгелердің жаңалығы