Жастарға деген сенім мен жауапкершілік артты – Демесінова

19 Қаңтар 2021, 11:03
2468
Бөлісу:
Жастарға деген сенім мен жауапкершілік артты – Демесінова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі.  Күні кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына қосылған «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова кеңес құрамына қосылуына қатысты пікір білдірді. 

Әрине, бұл мен үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік. Жастар кадрлық резервінің жастары лауазымды орындарға тағайындалып жатқаны қуантады. Ұлттық кеңес құрамына да менімен қоса тағы бір резервші кірді. Бұл өте үлкен көрсеткіш деп ойлаймын. Биыл тағы Президенттік жастар резерві 2.0 басталады. Жастарды оған дайындалып, құжат тапсыруға шақырамын, - деді ол. 

Лаура Демесінова айтып өткендей, резервшілер 13 мың адамның ішінен оза шауып анықталғандар. 

Бұл да үлкен мүмкіндік. Еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етуге және осы жолда тынымсыз еңбек ету үшін таптырмас құрал деп ойлаймын. Елімізде білікті жастар көп. Дамитын бағыттар да жеткілікті. Резервшілермен қоса өзге саланың барлық маманына үлкен мүмкіндік бар. Әрине, резервшілерге бұл үлкен деңгейде көрсетілген сенім деп ойлаймын. Яғни, мемлекет пен мемлекеттік аппараттың жастарға артқан сенімі, - деді ол. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» қағидасын алға тартты. 

Біздің елімізде Елбасы мен Президент те осы қағиданы ұстанады. Жастарға сенім мол, оны жастар аброймен ақтайды деп ойлаймын, - деп түйіндеді ол. 

Айта кетейік, Лаура Демесінова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Швейцариядағы Cezar Ritz университетінің магистратурасын тәмамдаған.

Өзгелердің жаңалығы