Жастардың мәселесін кешенді түрде қолға алатын кез келді - депутат

14 Наурыз 2022, 17:15
1391
Бөлісу:
Жастардың мәселесін кешенді түрде қолға алатын кез келді - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов еліміздегі жастар мәселесін кешенді түрде қолға алатын кез келді деп есептейді.

Ол ақпан айында Мәжіліс депутаттары Алматы және  Алматы облысы, Қызылорда мен Семей қалаларындағы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен және олардың туыстарымен, адвокаттарымен кездескенін айтты.

Өсіріп жеткізіп, енді «қызығын көрем» деп отырған балаларынан айырылған, жараланған, оқиғаның алғашқы күндерінде қамауға алынған ұлдарынан хабар ала алмаған аналармен кездесу оңай болған жоқ. Олардың жанайқайын, тіптен қарғыстарын да тыңдап, сабырға шақырып басу айтуға тырыстық. Жеке телефонымды әлеуметтік желіге жариялап, балаларының тағдырына алаңдаған аналар әлі күнге дейін хабарламалар жіберіп, әділдік іздеп бізден үміт күтуде, - дейді Берік Дүйсенбинов.

Оның сөзінше, азаматтарды қабылдау кезінде құқық қорғау органдары тарапынан күш қолдану, әсіресе, ұстаған сәтте ұрып-соғу сияқты келеңсіз жағдайлардың болғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен азаптау көріністерін баршаңыз көрдіңіздер. Үтікпен тек киім ғана емес, тергеу амалдарын да жүргізуге болатынын көрдік.

Сондай-ақ камераға түскенін сылтауратып, айыпталушының жазасын ауыстыру немесе босату үшін оның туыстарынан пара алып, бопсалау фактілері болып жатқаны туралы да сөз болды.

Президент 11 ақпанда Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзінде «еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет» екенін айта келіп, елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұсталған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау және тергеу жүргізу барысында әр азаматтың ісін мұқият қарап, әділ шешім қабылдауды тапсырған болатын. Осы орайда, қоғамдық комиссиялар құрылып, әр істің заңдылығы тексеріліп жатыр. Міне, бүгінде қамалған азаматтарға араша түсіп, үлкен заңгерлік қызмет көрсетіп жүрген Абзал Құспан, Айман Омарова сияқты белгілі заңгерлер арамызда отыр. Олардың атқарған жұмыстарынан хабардар болып отырсыздар. Осы азаматтарға ұстанған азаматтық позициялары, сын сәттегі еңбектері үшін үлкен алғыс білдіргім келеді, - деп айтты мәжілісмен.

Депутат атағандай, бүгінгі өкілетті органдардың Мәжілістегі есебімен «Қаңтардың» барлық мәселесі шешілмейді. Депутаттар көтерілген сұрақтар өзінің әділ шешімін тапқанша, қадағалауда ұстайды және сіздерді де ел алдында ашық та шынайы жауап беруге шақырады.

Президент Қ.Тоқаевтың «Ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, «жазаны жеңілдету» шараларын қабылдау қажет» дегенін назарға ала отырып және «Қаңтар» оқиғасының алғы шарттары мен себептерін ескеріп, бүгінде ауыр емес заң бұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекс тұрғысынан емес, адами гуманистік көзқараспен қараған жөн болар. Қамалғандармен кездесу кезінде біразының көптің буымен еріп кеткен, жұмыссыз, кездейсоқ табыспен «ата-анасына сеп» болсын деп жан бағып жүрген жастар екеніне көзіміз жетті. Қақаған қаңтар айында дүкеннің алдында қалған ескі жазғы бәтіңке осы кедейшіліктің көрінісі емес пе?! Ендеше, осы жастарымызды жұмыспен қамту және олардың өмір сапасын жақсарту үшін, олар өз бақытын алаңнан емес, адал еңбектен, еңбегіне лайық табысынан іздеуі үшін қандай шұғыл шаралар қабылдап жатсыздар? – деп сұрады ол Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдан.

Дүйсенбиновтың сөзінше, жасыратыны жоқ, бүгінде азаматтарымыз жұмыс, оқу іздеп, туған жерлерін тастап, ірі қалалардың маңайына келіп жатыр. Елорда мен Алматы сияқты қалалардың қасында 40-50 мың халқы бар агломерациялар пайда болуда. Бұл тұрғындардың басым көпшілігі – жастар.

Бірақ бұл үлкен ауылдарда тек жұмыс орны ғана емес, жастар күш-қайратын жұмсайтын, құрбыларымен кездесетін не бір спортзал, не мәдениет үйі жоқ. Бұл ауылдар астанамызды жұмыс күшімен, ауылшаруашылық тауарларымен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздік белдеуі болудың орнына   қауіпті геттоға айналуда. Осы мәселеге байланысты бірнеше депутаттық сауал да жолдағанбыз. Жастарды сапалы жұмыспен қамту жергілікті әкімдердің қызмет көрсеткіштерінің негізгі критериіне айналуы керек. Жұмысы жоқ, әркімге бір жалтақтап қолдау таппаған, жігері жасыған әлеуметтік жағдайы жоқ жастардан біз не күтеміз?! Ал егер бүгін бәріміз куә болып отырған Украина сияқты елдің басына күн туса, біз осындай жастарды қалай ел қорғауға шақырамыз? Қорыта айтқанда, біз жастарымызға араша түсе отырып, еліміздегі жастар мәселесін кешенді түрде қолға алатын кез келді деп санаймыз, - деді депутат Мәжілісте.

Мәжіліс депутаты Қаңтар оқиғасын әділ саралап, елдің алдында осы оқиғалардың ақ-қарасын ашу депутаттардың міндеті екенін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы